alt=Қызанақ пішініндегі Помодоро асүй таймері|thumb|Қызанақ пішініндегі асүй таймері Помодоро әдісі — 1980-жылдардың соңында Франческо Чирилло әзірлеген уақытты басқару әдісі. Бұл әдісте асүй таймері арқылы жұмыс уақыты әдетте 25 минуттық аралықтарға бөлініп, олардың арасында қысқа үзілістер жасалады. Әрбір осындай аралық итальян тілінде «қызанақ» дегенді білдіретін pomodoro деп аталады. Бұл атау Чириллоның университетте оқып жүрген кезінде пайдаланған қызанақ пішініндегі асүй таймерінен шыққан.
Таймерлер мен нұсқаулықтарды ұсынатын қосымшалар мен веб-сайттар бұл әдістің кеңінен таралуына ықпал етті. Бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуде қолданылатын таймбоксинг және итерациялық және инкременттік әзірлеу сияқты ұғымдармен тығыз байланысты бұл әдіс жұппен бағдарламалау тәжірибесінде де қолданыла бастады.
Сипаттамасы Әдістің бастапқы нұсқасы тапсырманы таңдаудан, таймерді орнатудан (әдетте 25 минутқа), тапсырманы орындаудан және таймер шырылдаған кезде қысқа үзіліс жасаудан (әдетте 5–10 минут) тұрады. Бұл үдеріс төрт помодоро аяқталғанға дейін қайталанады. Содан кейін циклді қайта бастамас бұрын ұзақ үзіліс (әдетте 20–30 минут) жасалады.
Бұл әдісте помодоро (көпше түрі — помодори) деп жұмыс істеуге бөлінген уақыт аралығы аталады.
Бұл әдістің мақсаттарының бірі — ішкі және сыртқы алаңдатушы факторлардың зейін мен ағын күйіне әсерін азайту. Помодоро уақыт аралығы бөлінбейді. Егер помодоро барысында жұмыс үзілсе, басқа іс-әрекетті тіркеп, кейінге қалдыру («хабарлау — келісу — жоспарлау — қайта хабарласу» стратегиясын қолдану арқылы) немесе сол помодородан бас тарту қажет.
Жоспарлау, қадағалау, тіркеу, өңдеу және көрнекі түрде көрсету кезеңдері бұл әдістің негізін құрайды. Жоспарлау кезеңінде тапсырмалар «Бүгін орындалатын істер» тізіміне енгізіліп, олардың басымдықтары анықталады. Әрбір помодоро аяқталған сайын оның орындалғаны тіркеледі.
Құралдары Әдісті жасаушы және оны қолдаушылар механикалық таймерді, қағаз бен қарындашты пайдаланып, қарапайым техникалық құралдарға негізделген тәсілді ұстануға кеңес береді. Таймерді қолмен бұрау әрекеті адамның тапсырманы орындауға кірісу туралы шешімін бекітеді; таймердің тықылдауы тапсырманы аяқтауға деген ұмтылысты сырттай білдіреді; ал қоңырау үзіліс жасау уақытын хабарлайды. Ағын күйі мен зейінді шоғырландыру осы физикалық тітіркендіргіштермен ассоциациялық байланысқа түседі.
Бұл әдіс әртүрлі платформаларға арналған қолданбалы бағдарламалық жасақтаманың әзірленуіне түрткі болды. Қазіргі уақытта әртүрлі бағдарламалар қолжетімді.
Зерттеулер Бір зерттеуде Помодоро әдісін қолданған 25 студент пен үзіліс уақытын өз бетінше реттеген 35 студент салыстырылды. Үзілістерін өздері реттеген студенттер ұзақтау оқу кезеңдерін таңдаған, бұл шаршаудың күшеюімен, зейін шоғырлануының және мотивацияның төмендеуімен байланысты болған. Зерттеу нәтижесінде екі топтың арасында ақыл-ой күш-жігері мен тапсырмаларды орындау деңгейі бойынша айырмашылық анықталмады.
2025 жылы жүргізілген ауқымдық шолуда: «Помодоро әдісіне негізделген, уақыт бойынша құрылымдалған тәсілдер зейінді шоғырландыруды тұрақты түрде жақсартып, ақыл-ой шаршауын азайтты және тапсырмаларды ұзақ уақыт бойы орындау тиімділігін арттырды. Бұл тәсілдер үзілістерді өз бетінше реттеуге қарағанда тиімдірек болды», — деген қорытынды жасалды.
Тағы қараңыз Лайфхак Прокрастинация
Дереккөздер
Санат:Тұлғаның дамуы Санат:Жеке уақытты басқару Санат:Өмірлік дағдылар Санат:Жеке өмір Санат:Бұқаралық мәдениеттегі қызанақтар