Гараж-рок немесе Гараждық рок () — 1960 жылдардың ортасында, көбінесе АҚШ пен Канадада қанат жайып, кейін бірнеше рет қайта жанданған рок-н-роллдың қуатты әрі шикі (өңделмемеген) стилі. Бұл бағыт электр гитаралары мен басқа да аспаптарда орындалатын қарапайым аккорд құрылымдарымен сипатталады. Мұнда дыбыс жиі fuzzbox (фузз-педаль) арқылы бұрмаланып, ал әуездік сипаты кейде қарабайыр немесе агрессивті келеді. Жанрдың атауы жас әуесқойлардың көбінесе ата-анасының гаражында дайындық жасағаны туралы түсініктен шыққан, алайда олардың арасында кәсіби топтар да аз болмаған.

АҚШ пен Канадада сёрф-рок, кейінірек «Британдық басып кіру» толқыны кезіндегі The Beatles және басқа да бит-топтар 1963–1968 жылдары мыңдаған жастың ансамбль құруына түрткі болды. Жергілікті жүздеген шығармашылық ұжымдар аймақтық хиттерді жазып шығарды, олардың кейбірі, әдетте, AM радиостанциялары арқылы бүкіл елге танымал болды. Психоделика дәуірі туындаған кезде, көптеген гараждық топтар жанрдың алғашқы қарапайым шеңберіне түрлі экзотикалық элементтерді енгізді. 1968 жылдан кейін рок-музыканың анағұрлым күрделі түрлері нарықта үстемдік ете бастағандықтан, гараж-рок жазбалары ұлттық және аймақтық хит-парадтардан біртіндеп жоғалып, қозғалыс әлсіреді. 1960 жылдары басқа елдерде де осындай рок қозғалыстары орын алды, оларды кейде гараж-роктың түрлі нұсқалары немесе тармақтары ретінде сипаттайды.

1960 жылдары гараж-рок дербес жанр ретінде мойындалмаған және оның нақты атауы да болмаған, алайда 1970 жылдардың басындағы сыни зерделеу — әсіресе 1972 жылғы Nuggets жинақ альбомы бұл стильді айқындап, мәңгі есте қалдыруға зор үлес қосты. 1971–1973 жылдар аралығында кейбір америкалық рок-сыншылар бұл музыканы кейіннен жанр ретінде бөліп қарай бастады және бірнеше жыл бойы оны сипаттау үшін «панк-рок» терминін қолданды. Осылайша, бұл атауды иемденген алғашқы музыка түрі болды және кейінгі панк-рок қозғалысының музыкалық бағытына ықпал етіп, кейін танымал болған сол терминнің қолданылуынан бұрын пайда болды. «Гараж-рок» термині 1980 жылдары баяндаушылар мен жанкүйерлер арасында кеңінен танымал бола бастады. Сондай-ақ бұл стильді «прото-панк» немесе кей жағдайда «фрат-рок» деп те атаған.

1980 жылдардың басы мен ортасында 1960 жылдардың гараж топтарының сыртқы келбеті мен дыбысталуын саналы түрде қайталауға тырысқан бірнеше қайта өрлеу (ривайвл) орталықтары пайда болды. Онжылдықтың соңына қарай гараж-рокты заманауи панк-рокпен және басқа да ықпалдармен біріктірген, дыбысы қаттырақ әрі заманауи гараждық субжанр қалыптасты. Бұл бағытта кейде бастапқыда 1960 жылдардың гараж топтарына қатысты қолданылған «гараж-панк» атауы пайдаланылды. 2000 жылдары пост-панк қайта өрлеуімен байланысты гараж стилінің ықпалына ұшыраған топтардың жаңа толқыны келіп, олардың кейбірі коммерциялық жетістікке қол жеткізді. Гараж-рок «бастапқы негізге оралу» немесе «DIY (Өзің жаса - Do-It-Yourself)» музыкалық тәсілін қалайтын музыканттар мен тыңдармандарды әлі күнге дейін өзіне тартып келеді.

Дереккөздер

Санат:Гараж-рок Санат:Рок-музыка жанрлары