Гранж ( бастапқыда — «Сиэтл дыбысы» деп аталған) — 1980 жылдардың ортасында АҚШ-тың Вашингтон штатында, атап айтқанда Сиэтл мен Олимпия қалаларында және олардың маңайында пайда болған альтернативті рок жанры мен субмәдениеті. Гранж панк-рок пен хеви-металдың элементтерін өзара тоғыстырып, екі жанға да тән бұрмаланған (дисторшн) электр гитара үнін, сондай-ақ бас-гитара, соқпалы аспаптар мен вокалды біріктіреді. Сонымен қатар, бұл бағыт Sonic Youth, Pixies және Dinosaur Jr. секілді инди-рок топтарының да шығармашылық ықпалын бойына сіңірген. Әндердің мәтіні әдетте күйзеліске толы әрі ішкі жан дүниеге үңілген сипатқа ие болып, әлеуметтік оқшаулану, өзіне деген күмән, зорлық-зомбылық, немқұрайдылық, сатқындық, ішкі-сыртқы жалғыздық, нашақорлық, психологиялық жарақат пен бостандыққа ұмтылу секілді өткір тақырыптарды қозғайды.
Гранж қозғалысының алғашқы кезеңі Сиэтлдің тәуелсіз Sub Pop дыбыс жазу студиясы мен өңірдегі андеграундтық музыка сахнасының төңірегінде қалыптасты. Бұл ретте Green River, Melvins және Mudhoney секілді жергілікті топтар жанрдың дамуында шешуші рөл атқарды. Sub Pop бұл стилді айлакерлікпен насихаттап, бұқаралық ақпарат құралдарын Сиэтл дыбысын «гранж» деп атауға итермеледі; нәтижесінде бұл бағыт панк пен металдың буданы ретінде танымал бола түсті.
1990 жылдардың басына қарай бұл жанрдың танымалдығы шекара асып, Калифорнияда да осындай үндегі топтар пайда бола бастады, кейіннен АҚШ-тың басқа аймақтары мен Аустралияға таралып, тұрақты тыңдарман аудиториясын жинады және ірі лейблдермен келісімшартқа отырды. Гранж 1990 жылдардың басы мен ортасында мейнстримге бет алды. Бұған 1991 жылы Nirvana тобының Nevermind альбомы жол ашып, артынша басқа да сәтті жұмыстар — Pearl Jam тобының Ten, Soundgarden тобының Badmotorfinger және Alice in Chains тобының Dirt альбомдары бұл жетістікті жалғастырды. Nirvana, Pearl Jam, Soundgarden және Alice in Chains топтары гранждың «үлкен төрттігін» құрайды. Бұл топтардың табысы альтернативті рок музыкасының танымалдығын арттырып, ақыры гранжды 1990 жылдардағы хард-рок музыкасының ең танымал түріне айналдырды.
Бірнеше фактор гранж танымалдығының төмендеуіне әсер етті. 1990 жылдардың ортасы мен аясында көптеген гранж топтары тарап кетті немесе көзден таса болды. Time журналы «шампунь дәуіріндегі Солтүстік-Батыстың Джон Ленноны» деп атаған Nirvana көшбасшысы Курт Кобейн героинге тәуелділікпен күресіп, 1994 жылы өзіне қол жұмсады. 1990 жылдардың соңына қарай гранж топтарының көбі тарап немесе сахнадан шеттеліп қалғанымен, олар модерн-рок музыкасына айтарлықтай ықпал етті. Олардың ән мәтіндеттері қоғамдық маңызы бар мәселелерді бұқаралық мәдениетке әкеліп, ішкі жан дүниеге үңілуді және өзіне адал болу дегеннің не екенін зерделеуді тереңдетті.Felix-Jager, Steven. With God on Our Side: Towards a Transformational Theology of Rock and Roll. Wipf and Stock Publishers, 2017. p. 134 Сондай-ақ гранж кейінгі постгранж сияқты жанрлардың қалыптасуына да негіз болды.
Rolling Stone журналы бойынша ең маңызды альбомдар тізімі 2019 жылы америкалық Rolling Stone журналы гранждың 50 ұлы альбомының тізімін жариялады; 1-ші мен 10-орын аралығын төмендегі альбомдар иеленді:
Nirvana — Nevermind (1991) Soundgarden — Badmotorfinger (1991) Pearl Jam — Ten (1991) Hole — Live Through This (1994) Mudhoney — Superfuzz Bigmuff Plus Early Singles (1990) Alice in Chains — Dirt (1992) Temple of the Dog — Temple of the Dog (1991) Nirvana — In Utero (1993) Soundgarden — Superunknown (1994) Pearl Jam — Vs. (1993)
Дереккөздер
Санат:Гранж Санат:Рок-музыка жанрлары Санат:Альтернативті рок жанрлары