Томоми Нисимото (; 22 сәуір 1970, Осака) — жапониялық әйел дирижёр, сазгер, профессор, елші, «Әлем құрметтейтін 100 жапондықтар» тізіміне енген тұлға және «IlluminArt» симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижëрі.
Өмірбаяны және білімі Томоми Нисимото 22 сәуірде 1970 жылы Жапонияның Осака қаласында дүниеге келген. Үш жасында анасынан фортепианода ойнауды үйреніп, оның ықпалы арқасында болашақта дирижёр болуды армандады. Балалық шағында шетелдік музыканы жиі тыңдап жүретін, сондай-ақ орыс шығармаларын да тыңдаған.
Осаканың музыкалық колледжінде «Композиция» факультетін 1994 жылы бітіреді. Колледжде оқып жүргенде «Kansai Opera» атты опера театрында дирижёрдің қасында көмекшісі болып, тәжірибе алады.
1996 жылы Ресейдің Ленинград қаласына (қазіргі Санкт-Петербург) Н.А.Римский-Корсаков атындағы мемлекеттік консерваторияға опера және симфониялық дирижёрлеу кафедрасына профессор, дирижёр Илья Александрович Мусинның сыныбына түседі және де дирижёр Виктор Федотовтың сыныбында білім алады. Томоми бұл шешімін былай түсіндіреді: «Жапониядан Ресейге оқуға сирек келеді. Әсіресе бұл дирижёрлікке қатысты-бұл ерекше мамандық қой. Менің таңдауыма келсек: мен Ресейдің тартымды күшін тек музыкасында ғана емес, сонымен қатар оның мәдениетінде де сезінуіммен байланыстырдым.»
Шығармашылық жолы Томоми Нисимотоның негізгі кәсіби мансабы 1990-жылдардың соңынан бастап қалыптасты. 1998 жылы «Жапонияның мәдениет қызметтігі» (Bunka-chō) бағдарламасы аясында Киото қаласының симфониялық оркестрімен Жапониядағы алғашқы ресми дирижëрлік дебютін жасады. Консерваторияда оқуын аяқтаған соң 2002 жылы «Миллениум» атты ресейлік үлкен симфониялық оркестрінің бас дирижёрі ретінде тағайындалады. 2004 жылы Санкт-Петербургтегі Михайлов театрында (қазіргі М.П. Мусоргский атындағы академиялық опера және балет театры) шақырылған бас дирижёрі ретінде жұмысқа орналасып, сол жылы П.И. Чайковский қорының ресейлік симфониялық оркестрінің бас дирижёрі және көркемдік жетекшісі болады. 2000-жылдардың ортасынан бастап халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп, 2004 жылы Вьетнамның Фукуок қаласында өткен 19-шы мәдениет фестивальінде дирижёрлейді. 2006 жылы Томоми композитор П.И. Чайковскийдің «Өмір» (орысш. Жизнь) атты аяқталмаған симфониясын Пëтр Климов жалғастырып өңделген нұсқасы бойынша Чайковский қорының орыс симфониялық оркестрімен Жапонияға гастрольдік-сапарлар кезінде орындады. 2007 жылдан бастап, «Брукнерхауста» (Брукнер үйінде) Аустрияда Брукнердің оркестрімен және Еуропада көптеген симфониялық оркестрлерімен: Монте-Карло филармониялық оркестрмен, Будапешттің филармониялық оркестрмен, Британдық корольдік филармониялық оркестрмен, Джорж Энеску атындағы Румынияның мемлекеттік симфониялық оркестрмен, Литваның және Латвияның халықаралық симфониялық оркестрлерімен белсенді жұмыс істейді. Кейінгі жылдары Венгрия, Прага және Одессадағы опера және балет театрларында өнер көрсетіп, шығармалар қатарында дәстүрлі жапондық «Но» стильіндегі Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» (Көбелек аруы) және Юкио Мисиманның пьесасы бойынша қойылған заманауи «Сотоба Комати» (Комати және пагода) опералары бар. 2008 жылы П.И. Чайковскийдің «Щелкунчик» (Шерткіш) балетінің толық нұсқасын жапондық филармониялық оркестрімен қойылымын, ал 2009 жылы Токио қаласында Лондонның «Royal Philarmonic Orchestra» атты ұжыммен Л. Бетховеннің «7 симфониясын» және Г. Малердің «5 симфониясын» дирижëрледі, сондай-ақ Будапешт қаласының симфониялық оркестрімен Н. Римский-Корсаковтың «Шехеразада» симфониялық сюитасын орындап, күйтабаққа шығарманы жазып шығарды. 2010–2011 жылдары Евгений Светланов атындағы Ресей мемлекеттік симфониялық оркестрінің шақырылған ең алғаш шетелден келген әйел дирижëрі болды. «Tokyo FM» радиостанциясының 40-жыл толуына орай «Тоғыз туралы аңсау» Ниппон Будакан аренасында Л. Бетховеннің әйгілі «9 симфониясын» 5000 хорға қатысушылар құрамымен орындады. 2012 жылдан бастап Томоми Нисимото «IlluminArt» симфониялық оркестріне продюсерлік жұмыс, көркемдік жетекшісі және бас дирижёр лауазымдарын атқарады. Оркестр 2013 жылы Ватиканда өнер көрсеткен ең алғаш жапондық ұжымдардың бірі болып саналып, кардиналдың мессасы кезінде қайта жанданған «Oratio» григориан әнұранының орындалуы шамамен 455 жылдағы алғашқысы болып саналды. 2015 жылдан бастап халықаралық концерттік қызметін кеңейтіп, мамыр айында Коясан будда орталығының құрылғанына 1200 жыл толуына арналған салтанатты концерт өткізді. Маусымда Жапония мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың қалыпқа келуінің 50 жылдығына орай кәріс әншісі Суми Чомен бірге концерт өткізді. Шілдеде Эквадордың ұлттық симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетіп, cондай-ақ Перу елінің Мәдениет министрлігінің шақыруымен Перу тәуелсіздік күніне орай және Рио де-Жанейро қалалық театрында Бразилияның симфониялық оркестрімен Жапония мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 120 жыл толуына байланысты концерттер өткізді. 2016 жылы Пекин университетінің шақыруымен Қытайдың ұлттық симфониялық және Шанхай симфониялық оркестрлерімен дирижёрлік етті. Израильде Иерусалим симфониялық оркестрмен өнер көрсетіп, концертті тікелей эфирде барлық елде «KoHaMusica FM» радиостанциясында қосты. 2017 жылы Токиода «Opera Palace» жаңа ұлттық опера театрда Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» екі актілі спектакльдің сахналық қойылымының көркемдік жетекшісі және дирижёрі болды. 2018 жылы «IlluminArt» оркестрімен Қытай елінің жеті қаласына концерттік сапарлар ұйымдастырды. Кейінгі жылдары халықаралық мәдени жобаларға қатысып, 2019 жылы «Zweites Deutsches Fernsehen» (Екінші Неміс Телеарнасы) мәдениеттік жобасында халықаралық аренада белсенді жұмыс істеп жүрген «Көшбасшы әйел» ретінде аталды. 2021 жылы Хиросима университетінің арнайы профессоры болды және «Tokio-die stadtkultur von morgen» (Токио-ертеңгі күннің қалалық мәдениеті) неміс-француз документалды фильмінің қатысушысы болды. 2024 жылы Осака-Кансай әлемдік көрмесінде итальян павильонының елшісі болып тағайындалды.
Қоғамдық және білім беру қызметі 2007 жылы Дүниежүзілік экономиялық форумының «Young Global Leaders» (Жас Жаһандық Көшбасшылары) атағына ие болады. Ол американдық қорлардан стипендия алып, Гарвард Кеннеди мектебінде білім алып, бірқатар оқу орындарында шақырылған профессор ретінде дәріс оқып, сонымен қоса «Тойо Бунко» мұражайының консультативтік кеңесінде қызмет атқарады.
Марапаттары және танылуы 1997 жылы Осака префектурасының мәдениет қайраткерлеріне арналған сыйлықтың иегері; 1999 жылы «Idemitsu» жапондық жүлдесінің жас және болашағы зор музыкант ретінде иегері; 2004 жылы «Newsweek Japan» журналындағы «Әлем құрметтейтін 100 жапондықтар» тізіміне қосылады. 2009 жылы «Best dresser award» (Үздік киім сыйлығы) иегері болды. Оның 2015 жылғы «For Sennuyuji Temple Sound Stage: East Meets West» (Сэнню-дзи храмының сахнасы: Батыс пен Шығыс музыкада көріседі) және 2013 жылғы «Toji Otobutai» (То-дзи храмындағы музыкалық сахна) деген авторлық туындылары АҚШ кинофестивальдерінде және Дүниежүзілік медиафестивальдерінде бірнеше беделді халықаралық марапаттарға ие болды. 2014 жылы Ватиканда «Pro Musica e Arte Sacra» (Кәсіби Музыка мен Қасиетті Өнер) қорының құрметті сыйлығымен марапатталып, тарихтағы осы марапаттың ең жас иегері болды.
Дискография 2000 ж. – С.Прокофьев «Ромео мен Джульетта» (Жапония филармониялық оркестрі) 2002 ж. – П.Чайковский «Патетическая, 6 симфония»; «Спящая красавица» (Ресейдің үлкен симфониялық оркестрі, Миллениум) 2008 ж. – А.Дворжак «Из нового света, 9 симфония, ми минор, соч. 95» (Будапешт филармониялық оркестрі) 2010 ж. – «Ностальгия» (Будапешт филармониялық оркестрі) 2011 ж. – Дж.Верди «Реквием» (Nordwestdeutsche Philharmonie) 2014 ж. – (Жапония филармониялық оркестрі)
Дереккөздер
Әдебиет Д.М. Женщины-дирижеры — в оркестрах стран мира. — М.: КнигИздат, 2023. – 274 с. Тираж 116. ISBN 978-5-4492-0528-5.
Санат:Жапония музыканттары Санат:Жапония дирижёрлері Санат:Дирижерлер Санат:Алфавит бойынша дирижерлер