Базыгүрлі-жазыгүрлі – Маңғыстау түбегінің оңтүстігінде қатар жатқан ойыстар.
Географиялық орны Маңғыстау облысы Қарақия ауданы жерінде орналасқан.
Жер бедері Базыгүрлі ойысының аумағы 40 км2 шамасында, ұзындығы 12 км, ені 2,5 км, теңіз деңгейінен 4 м төмен жатыр. Жазыгүрлі ойысының аумағы 63 км2, ұзындығы 15 км, ені 6,0 км-дей, теңіз деңгейінен 6 м төменде жатыр. Ойыстар неогеннің саз балшықты жыныстарынан, сарматтың бақалшақты әктастарынан түзілген. Табаны тегіс, сор батпақ. Кей жерлерінде құдықтардың (орпалардың) іздері сақталған. Батыс беткейлерінен басқа жерлері жарқабақты, батысы баспалдақ тәрізді. Жарқабақтарының (кемерлерінің) биіктігі 80 – 90 м-ге жетеді. Кемерлер басында Жаздыгүрлі, Базыгүрлі құдықтары орналасқан.
Өсімдігі Өсімдіктерден негізінен бұйырғын, күйреуік, ащы жусан, жарқабақ беткейлері мен сай-салаларда көктемде әр түрлі астық тұқымдас эндемик өсімдіктер өседі. Полковник Ф.Берг экспедициясының жолбасшылары Қосым Тигенов пен Нарынбай Исслин 1825 ж. 9 ақпанындағы көрсетілімдерінде Базыгүрлі ойысы туралы «Ойыс табанындағы қалың сексеуіл ішінде барыс бар. Қыр асып түсіп шығатын жолы қолайлы, жайылымы мен отыны мол, құдықтары сулы» – дейді. Қазір құдық сулары ащы.«Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007
Дереккөздер
Санат:Қазақстан ойпаттары Санат:Маңғыстау облысы географиясы