Қазгидромет — Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ірі ғылыми-өндірістік кәсіпорны, Республиканың Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі. Ол гидрометеорология және экологиялық мониторинг, сондай-ақ су қорының мемлекеттік есебін және су кадастрын жүргізетін республикалық мемлекеттік кәсіпорнын біріктіреді.
Қазақстанда алғашқы аспаптық метеорологиялық бақылаулар 1848 жылы Қазалыда, 1854 жылы Семейде, 1856 жылы Ырғыз бен Қызылордада жүргізіле бастады. Гидрологиялық бақылаулар алғаш рет (1890) Ертіс өзенінде басталды. 1917 жылы Қазақстан аумағында 94 метеорологиялық станция мен 49 бекет, 123 гидрометеорологиялық бақылау пункттері жұмыс істеді. 1922 жылдың 23 қаңтарында Бас физика обсерваториясының Орынбор облысы метеорология бюросы құрылған. Ол 1925 жылы Қазақстанның Орталық метеорология бюросы болып, ал 1931 жылы Қазақ гидрометеорология болып қайта құрылды. Оның негізінде 1933 жылдың мамыр айында Қазақ гидрометеорология қызметінің біртұтас басқармасы құрылды. Оның бірінші басшысы Қазақстанның белгілі саяси қайраткері – О.Жандосов болды.
1992 жылдың 7 ақпанында Гидрометеорология жөніндегі бас басқарма болып қайта құрылды. 1997 жылы Жедел басқару құқығындағы "Қазгидромет" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны құрылып, кейін ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 2 наурыздағы № 185 қаулысымен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) мәртебесі берілді.
Қазіргі кезде «Қазгидромет» жүйесіндегі метеорология, агрометеорология, гидрология, көл және теңіз станциялары мен бекеттерінің саны 750. «Қазгидрометтің» негізгі міндеттері: республикада гидрометеорология және табиғи орта мониторингі саласында бірыңғай ғылыми-техникалық саясат жүргізу; әр түрлі өнеркәсіптер мен шаруашылықтарды, халықты қазіргі және болашақтағы климат пен табиғи орта мәліметтерімен қамтамасыз ету; қауіпті және апатты гидрометеорологиялық құбылыстарды алдын ала болжап хабарлау; қоршаған ортаға адамзат әрекетінің теріс әсерін болдырмау, т.б. «Қазгидромет» табиғи ортаның мониторингін жүргізу барысында аса улы 20-дан астам заттарды анықтау үшін республиканың 26 қаласындағы 94 тұрақты пункттерде атмосфера ауаның құрамына бақылау жүргізеді. Бақылау материалдары бойынша дерекқор қалыптастырылады және ақпараттық-экологиялық бюллетеньдер, анықтамалар, шолулар жарияланады. 1873 жылы Бірінші халықараралық метеорологиялық конгресте халықаралық метеорология ұйым құрылды. Ол 1947 жылы БҰҰ құрамындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) болып қайта құрылды. ДМҰ-ның шешімімен 23 наурыз Халықаралық метеорология күні болып тағайындалған.ДМҰ-ның толыққанды мүшесі болып табылады.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Халықаралық ынтымақтастық және ғылыми зерттеулер Қазгидромет Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO), Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Сонымен қатар, мекеме климаттық өзгерістерді зерттеуде халықаралық ынтымақтастық жүргізеді. Қазақстанның Париж келісіміне қосылуы аясында Қазгидромет климаттық мониторинг пен болжамдарды жетілдіруге ерекше назар аударады.
Қоғамдық қолжетімділік және қызмет көрсету Қазгидрометтің қызметі мемлекеттік органдарға, энергетика, көлік салаларына, ауыл шаруашылығына және жалпы халыққа ауа райы мен экология жайлы мәліметтер беруімен шектелмейді. Мекеме ресми сайты мен мобильді қосымшалар арқылы ауа райы болжамдарын, экологиялық және гидрологиялық жағдай туралы ақпаратты ашық жариялап, жедел ескертулер таратады. Осылайша Қазгидромет еліміздің табиғи ортасын қорғау мен табиғи апаттардан сақтану шараларында маңызды рөл атқарады.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан мекемелері Санат:1925 жылы Қазақстанда пайда болғандар