Мәсімхан Бейсебайұлы Бейсебаев (22 қараша 1908, Елтай ауылы, Верный уезі, Жетісу облысы, Ресей империясы — 23 маусым 1987, Алматы, Қазақ КСР) — кеңестік партия қайраткері, әр жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1966-1971 жылдары КОКП ОК мүшесі болған.
Өмірбаяны 1908 жылы 22 қарашада Ресей империясының Жетісу облысы Верный уезі, Елтай ауылында (қазіргі — Алматы облысы, Қарасай ауданы) кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол Ұлы жүздегі Дулаттың ішінде Ботпай руының Қоралас руынан шыққан.
1925 жылдан бастап Алматы ауылшаруашылық техникумының студенті болды, оны 1931 жылы кіші агроном мамандығы бойынша бітірді.
1931 — 33 жылдары Қазақ АКСР-і Егіншілік халкоматында жұмыс істеді. 1933 — 36 жылдары Алматы ауыл шаруашылығы техникумының директоры болды. 1936 — 41 жылдары Қазақстан К(б)П ОК-нің және Алматы облытық партия комитетінің аппаратында жауапты қызметтер атқарды. 1941 — 42 жылдары 2-дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1942 — 70 жылдары Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Ақмола облыстық атқару комитетінің 2-хатшысы, Көкшетау облыстық атқару комитетінің 1-хатшысы, ҚазКСР-і Министірлік Кеңесі төрағасының 1-орынбасары (1954 — 58) және төрағасы (1964 — 70) болды. 20 ғасырдың 60-жылдарының 2-жартысында Қазақстандағы шаруашылық реформалардың жүзеге асырылуына елеулі үлес қосты. Бейсебаевтың басшылығымен Қазақстанда титан, магний, синтетик, каучук, полиэтилен, т.б. өндіріс түрлері қолға алынды. Өскемен конденсатор, Кентау трансформатор, Семей кабель зауыттары іске қосылды. Химия өнеркәсібі қуатты салаға айналып, Маңғыстаудағы мұнай және газ орындары игеріле бастады. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамып, көлік, байланыс жүйелері жақсарды, Рудный, Ақтау сияқты жаңа қалалар бой көтерді. Бейсебаев Қытайдан Қазақстанға оралған 20 мыңнан астам отандастарымызды қабылдап, ата мекенге орналастыруда зор еңбек сіңірді. Көптеген ордендер, медальдeрмен марапатталған.Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
Дереккөздер
Санат:22 желтоқсанда туғандар Санат:1908 жылы туғандар Санат:Қарасай ауданында туғандар Санат:23 маусымда қайтыс болғандар Санат:1987 жылы қайтыс болғандар Санат:Алматыда қайтыс болғандар Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары Санат:Қазақстан премьер-министрлері Санат:КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Санат:Алматы облыстық атқару комитетінің төрағалары Санат:Қазақстан КП Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшылары Санат:Қазақстан премьер-министрінің орынбасарлары Санат:Қазақстан КП Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшылары