thumb|right|300px thumb|right|300px Қарағанды еңбекпен түзету лагері — 1930 жылы ұйымдастырылған. 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Құжатта: «саяси-шаруашылық және аграрлық-мәдени, Қазақстандағы ОГПУ-дың ерекше мақсаттағы лагерлері Қарқаралы округіндегі мәжбүр ету арқылы жұмыс істету лагерлері жанындағы үлкен аралас құрылатын кеңшарларды ескере отырып, Халық комиссарлар кеңесі қаулы етеді: Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлер басқарамасының Қоянды жәрмеңкесі аумағы мен құрылыстарынан басқа 110.000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын. Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылады.

Еңбекпен түзету лагері Қаулыға сәйкес 1930 жылғы 13 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110.000 гектар жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1931 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады онда: «Қазақ еңбекпен түзету лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшары осы күннен бастап қысқартылған түрде «КарлагОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқарамсы Долинка ауылында орналасатыны» айтылған.

Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзету лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Қарлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. Қарлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқынды дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейніне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын.

Қарлаг далада, Орталық Қазақстанның елсіз мекендерінде құрылды деген сөз дұрыс емес. Лагерьге бөлініп берілген ұланғайыр аймақта қазақтардың, орыстардың, немістер мен украиндардың елде мекендері болатын. Тарихтан белгілі, қазақтар бұл жерді ғасырлар бойы мекендеген, ал немістер, орыстар мен украиндар бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударған. Ақмола губерниясының 1909 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысы бойынша Долинка ауылы дербес поселке атағына ие болған. 1911 жылы мұнда 2630 адам тұрған, олардың ішінде немістер, орыстар және украиндар болған.

Қарлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл операциялар үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орыстар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берліген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Бұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтықындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Қарлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Қарлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды». Қарлаг басқармасы тек қана ОГПУ (НКВД) ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл өзі тізгіні Москадағылардың қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша ол мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері – «нүктелері» бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды, олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.

Қарлагтың құрылымы да мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық (ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі (ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі (БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі (МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Осы соңғы бөлім ГУЛАГ басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырды. Жоғары тиімділік (арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, аммортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Қарлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Қарлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар болды. Егер 1931 жылы Қарлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. Әрбір бөлімше өз кезегінде бірқатар шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі болды. Бөлімшелер мен учаскелердің лагерь орталығынан қашықтығы 5 шақырымнан 650 шақырымға жететін. Қарлаг аумағы 1950 жылы 2 087 646 гектар, яғни 20 876 шаршы шақырым болды, соның ішінде егістік – 111 886 га, шабындық – 337 670га, жайылым – 1 378 999 га.

Лагерьдегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 58,5 пайызды, өнекәсіптікі -41,5 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығының екі бейіні болды: өсімдік шруашылығының үлес салмағы -51,8%, мал шаруашылығы -48,2% болды. Қарлаг тұтқындарының жалпы саны кейбір жылдар бойынша келесідей: бір кездері тұтқындар саны 75 мың адамға өсті. Бұл адамдар лагерьдегі барлық қиындықтарға төзіп бақты, моральдық және басқа да ауыртпалықтарды көтеріп, адамгершілік қасиеттерін сақтай білді.Бугай Н.Ф. Депортация этнических общностей: проблемы реабилитации в Росии и Казахстане // Россия и Казахстан: проблемы истории (20 – начало 21 века). – М., 2006.

Спасск әскери тұтқындар лагері ОГПУ-НВД-МТБ Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. Спасск – революцияға дейінгі Қазақстанға қоныстанған шетелдік ірі іскерлер компаниясының орталығы болған жер. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзету лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек мұнда Қарлагтан бөлек «Песчанный» деген аса үрейлі, лагерь бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Егер Қарабас Қарлагтың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды. Сырқаттанып қалған тұтқындарды өлу үшін Спасскіге жіберетін. Сондықтан да бүкілодақтық ерекше лагерьлердегі мүгедектер мекені деген атауға ие болды. Шейіт болған тұтқындардың төмпешікке айналған қабірлері әлі күнге дейін сақталып жатыр.

КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Чернышевтің 1941 жылғы 24 маусымдағы нұқауына сәйкес Спасскідегі соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагер ұйымдастырылды. Лагерь екі бөлімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Соңғысы негізгі лагерьден бөлініп шығарылған, соғыс тұтқындарынан мүлде ажыратылған адамдардан құралды. Бөлімшелер арасының қашықтығы - 500 метр болды. Екі лагерь бөлімшелерінің қалыпты және барынша сыйымдылығы келесідей болды: а) әскери тұтқындарға арналған орталық бөлімшенің қалыпты сыйымдылығы 5000 адам, барынша сыйымдылығы - 6000 адам; в) «Көкөзек» бөлімшесі қалыпты сыйымдылығы - 650 адам, барынша - 1100 адам. Барлығы 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет етті. Лагерьдің 100 шақырым айналысындағы елді мекендерде жергілікті іздестіру топтары болды. Жергілікті тұрғындар арасындағы белсенділерден қашқын тұтқындарды ұстауға көмектесетін бригадалар жасақталды. Осындай 46 бригадаға 214 адам топтастырылды.

Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтинскіде, Үлкен Михайловка станицясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Бұлар 1436 адам еді. Екі жылдан кейін соғыс тұтқындарының саны екі есе өсті. Лагерь өмір сүрген он жыл ішінде мұнда 26 ұлттың өкілінен құралған 40 мыңға жуық соғыс тұтқындары ұсталынды.

Лагерьлерге әкелінген әскери тұтқындардың саны 1944 жылдың екінші жартысында күрт өсті. Егер 1944 жылдың қаңтар айында лагерьде 2529 әскери тұтқын ұсталса, онда қазан айында олардың саны 11583 адамға жетті. 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.