Роланд Робертсон (7 тамыз 1938 – 29 сәуір 2022) — әлеуметтанушы және жаһандану теоретигі. Шотландияның Абердин университетінде дәріс оқыған. Бұрын ол Питтсбург университетінде әлеуметтану профессоры, ал 1988 жылы Дін әлеуметтануы қауымдастығының президенті болды.
Теориялары Жаһандану Жаһанданудың ең танымал теорияларының бірі Робертсонның (АҚШ) мәдени центристік тұжырымдамасы болын табылады. Робертсон әлеуметтанушылар арасында алғашқылардың бірі болып "жаһандану" терминін қолдана бастады. Робертсонның басты жорамалы, мемлекеттердің халықаралық жүйесі Толкотт Парсонстың атақты AGIL схемасы шеңберінде бейнелене алады дегенге келіп саяды. Робертсон теориясының мәдени центристігі мемлекеттер ықпалдасуының басты бағытын мәдени жүйелеудің орнығуы деп есептеуінен көрінеді. Робертсон қазіргі замандағы әлем жаһандануының мынадай сатыларын көрсетеді: А кезеңі немесе жаңадан пайда болу кезеңі, ол XV — XVIII ғасырлар деп көрсетілген. Жаһандық әлемнің пайда болуына Еуропада діни тұтастықтың бұзылуы, бүкіл планеталық элем картасының пайда болуы, астрономиядағы гелиоцентристік жүйе және адамзат туралы алғашқы мәліметтер әсер етті. Б кезеңінде жаһандық жүйе пайда болды (1750 — 1850). Бұл кезеңде халықаралық дипломатия жүйесі орнығып, "азаматтық" ұғымы түпкілікті қалыптасады, мәдени салыстырмалылық жүреді: халықаралық көрмелер пайда болады, еуропалық емес елдерге енген халықаралық коммуникация жүйесі дүниеге келеді. В кезеңі жаһандық әлемнің шарықтау сатысы ретінде түсіндіріледі (1875 — 1925). Бұл кезеңде әлемді төрт жүйелену: экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени жүйелену ретінде ұғыну айқындала түседі және ортақ күнтізбе қабылдау іске асады. Алғашқы халықаралық сайыстар (Олимпиадалар) мен мәдени фестивальдар заңды түрде бекітіледі. Г кезеңі гегемония үшін күрес кезеңі (1925 — 1969). Бұл екінші дүниежүзілік және "қырғиқабақ" соғыстар кезеңі, әлемдік саяси-құқықтық жүйенің қалыптасу кезеңі. Робертсон адам құқықтарын қорғау саясатының қалыптасу мәселесіне зор көңіл бөледі. Бұл кезең сонымен бірге "үшінші әлем" тақырыбының пайда болуымен маңызды. Д кезеңі — белгісіздік кезеңі (1969 жылдан осы кезге дейін). Сыртқы кеңістікті зерттеу кезеңі, Бұл жерде ғарыштық зерттеулер, адам құқықтары туралы халықаралық пікірталастардың шығуы және кейінгі материалистік құндылықтарды насихаттайтын пайымдаулардың таралуы туралы сөз болып отыр. Жаһандық феминистік және экологиялық қозғалыстардың пайда болу сатысы, шын мәніндегі жаһандық бұқаралық-медиа, ғарыштық коммуникациялар дүниеге келеді. Халықаралық қатынастар күрделілене түседі.Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
Дереккөздер