thumb|right|300px|Ойжайлау петроглифтері. Түркі уақытының орталық композициясы. Ойжайлау таңбалы тастары – Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралықты қамтитын петроглифтері.
Орналасқан жері Қордай ауданы, Кенен аулынан оңтүстік-батысқа қарай 27 км жердегі Кіндіктас тауының Ойжайлау шатқалында, теңіз деңгейінен 1200 биіктікте орналасқан.
Зерттелуі Ескерткішті XX ғасырдың 70-жылдары өлкетанушы Н.Д. Черкасов ашқан. Шатқалдың жартасқа салынған суреттерінің алғашқы көшірмесін А.Г. Медоев жариялады. XX ғасырдың 70-80-жылдары Абай атындағы ҚазПИ (А.Н. Марьяшев) мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының (Ю.А. Мотов) археологиялық экспедициясы мамандарының жоспарлы зерттеулерінің нәтижесінде шатқалдан ежелгі және ортағасырлық қорымдар мен қоныстарадың кешені табылды. Сонымен қатар қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын петроглифтері бар 52 тау тақталары анықталған.
Ескерткіштің киелілігі Ескерткіштің киелілік маңызы шатқалдағы жартасқа салынған суреттердің барлық сюжеттерінің осы өңірде ежелгі заманнан орта ғасырға дейінгі аралықта мекендеген тұрғындардың діни танымдары мен ғұрыптық салт-жоралғыларға байланыстылығында жатыр. Петроглифтері бар төбелер мен оның алдындағы алаң өзіндік отбасы-рулық ғибадатхана рөлін атқарған. Осы ғибадатханадағы әртүрлі хронологиялық кезеңнің композициялары Қазақстанның ежелгі тасқа салынған өнерінің жауһары болып саналады.
Петроглифтер сипаты Ежелгі топ қола дәуіріне жататын көп композициялық бейнелермен белгілі. Олар сиырлар мен бұқаларды құрбандыққа шалу көрінісі, найза және шоқпармен қаруланған атты жауынгерлердің айқасы, сонымен қатар, бұқа, ешкі, ит, қолын жоғары көтерген ер кісі, жаяу садықшылар бейнеленген салттық көріністерден тұрады. Сақ дәуірінің жартасқа салынған суреттерінің ішіндегі көрнектілер қатарында аржан-майемер дәстүріне жататын бұғылар бейнесі бар. Онда аяғының ұшымен тұрған екі бұғының ірі стильденген бейнесі көрсетілген. Бірінің соңынан бірі тізілген 3 ешкі мен бет перде (маска) бейнеленген композиция ежелгі халықтың діни дәстүріндегі жануарларға табыну ғұрпымен байланысты. Түркі дәуіріне жататын ту ұстаған үш салт атты бейнесі әлемдік жартастағы өнердің жауһары болып табылады. Көрініс табақ тәрізді иілген көгілдір-сұр түстегі гранит тақтаның бетіне салынған. Бұл жерде ортағасырлық идеологияға сай бірінші салт атты жауынгердің ер тұлғасын сомдау көзделген болса керек. А.Г. Медоевтің пікірінше бұл бірегей кейіп "Ұлы түркілер жасасын" дегенді меңзейді. Түркі дәуірі суреттерінің жекелеген топтары ешкілер, арқарлар, адамның жетегіндегі түйелер, садақшылардың аң аулауы, асатаяқ ұстаған антропоморфтық бейнелер берілген. Суреттердің жекелген бөліктерін беру әдістерінің алуан түрлілігі, мүйіздер, қоғзалыстар сол кездегі суретшілерге тамаша бейнелердің динамикасы мен экспрессивтілігін, сондай-ақ суреттердің қасиеттілік мазмұнын дәл ашуға мүмкіндік берген.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қазақстан археологиялық ескерткіштері Санат:Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан петроглифтері