II Джон Кристофер «Джонни» Депп (, 9 маусым 1963 жыл, Овенсборо, Кентукки) — америкалық актёр, продюсер мен музыкант. Ол Үздік актер санатында «Алтын глобус» пен «Америка киноактёрлерінің гильдиясы» марапаттарын жеңіп алған. Депп 1980 жылдардағы «Джамп стрит, 21» телевизиялық топтамасында белгілі болып, тез арада жасөспірімдер арасындағы жұлдызға айналды. Фильмдерге бет бұрғаннан кейін ол «Эдвард қайшы қолдар» (1990) фильміндегі бас кейіпкер ретінде әйгілі болды, ал кейінірек ол «Ұйқылы алқап» (1999), «Чарли мен шоколад фабрикасы» (2005), «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмдер сериясында (2003 жылдан) және «Ранго» сияқты фильмдерде кассалық жинақ табыстарына жетті. Ол режиссер әрі жақын досы Тим Бёртонмен бірге 2006 жылы Оскар сыйлығы сыйлығына Үздік анимациялық фильм санатында номинация алған Қалыңдықтың мәйіті атты бір анимациялық фильмде және жеті көркем фильмде жұмыс жасады.

Ерте жылдары Балалық шағы Депп Оуенсборо, Кентукки штатында, қоғамдық инженер Джон Кристофер Депп және даяшы Бетти Сью Палмердің (қыз кезінде Уеллс) отбасында дүниеге келген. Оның Дэниел есімді жазушы ағасы және екі әпкесі бар – Кристи (қазір өзінің жеке менеджері) мен Дебби. Депптің ата-тегінде француз, неміс, үндіс және ирланд қаны бар. Өмірбаяндарға сүйенсек, АҚШ-тағы Депптер отбасы өз бастауын 1700 жыл шамасында Вирджиния штатындағы Джеймс өзенінен жоғарырақта орналасқан босқындар колониясында қоныс тепкен француз гугенот иммигранты Пьер Деппе немесе Диеппеден алады. Актер 2011 жылы өзінде америкалық үндістер қаны бар екенін: "Мен өзімде америкалық үндістердің қаны бар деп есептеймін. Менің арғы әжемде олардан кішкене болған, чероки әлде крик үндістерінен болу керек. Ол Кентуккиден болғандықтан бұл шындыққа жақын, себебі онда негізінен осы тайпалар мекен еткен", - деп айтып көрсетті.

Депптің балалық шағында оның отбасы жиі қоныс аударып отырған, ол бауырларымен бірге жиырмадан астам тұраққа қоныс аударып, ақыры Флорида штатындағы Мирамарда 1970 жылы тұрақтаған. 1978 жылы Депптің ата-анасы ажырасады. Бала кезінде ол отбасы мәселелерінен пайда болған стресстің әсірінен өз-өзін жарақаттаумен айналысуға бейім болған. Оның денесінде осы әдетінен қалған жеті не сегіз тыртығы бар. 1993 жылы берген сұхбатында ол өз-өзін жарақаттауын былайша түсіндірді: «Менің денем өмір жолымдағы журнал іспеттес. Бұл бұрынғы кездегі теңізшілердің істегені сияқты, өзіңе бір белгі салған кезде оны өзің пышақпен салдың ба әлде татуировка маманы салды ма, әр татуировка бір мағынаны білдіреді, өміріндегі ерекше бір кезеңді».

1980 жылдар 250 px|thumb|Джонни Депп 1992 жылғы Канн кинофестивалінде 12 жасында анасы сыйлаған гитарамен Депп әр түрлі гараж топтарында музыка ойнай бастады. Оның алғашқы тобы кездесіп жүрген қызы Мередиттің құрметіне болды. Ата-анасы ажырасқаннан кейін бір жылдан соң Депп рок-музыкант болу үшін мектепті тастап кетеді. «Актерлар студиясында» бағдарламасында айтқанындай, ол екі аптадан соң мектепке қайтып келеді, бірақ мектеп директоры оған музыкант боламын деген арманына жетуін тілеп,шығарып салады. Ол «The Kids» атты жергілікті аймақта кішігірім табысқа жеткен топта ойнайды. «The Kids» өз атауын «Six Gun Method» деп өзгертіп, таспа жасау келісім-шартына қол жеткізу мақсатында Лос-Анджелеске аттанады, бірақ топ мақсатына жетпей тұрып бөлініп кетеді. Нәтижесінде Депп «Rock Сity Angels» тобымен бірге ойнап, кейін осы топтың Джеффен Рекордз үшін дебютінде «Жас жігіттің блюзі» деген атпен пайда болған «Mary» деген әнін бірге жазысады.

1983 жылы 24 желтоқсанда Депп грим жасаушы және топтың бас-гитарашысы әрі әншісінің әпкесі Лори Энн Эллисонға үйленеді. Некеде тұрған кезінде оның жұбайы грим жасаушы болып, ал өзі телефон арқылы қаламсап сату сияқты әр түрлі қызық жұмыстармен шұғылданады. Оның әйелі оны Николас Кейджбен таныстырады, ал ол Деппке актерлікпен айналысуға кеңес беріп, өз агентімен таныстырып, Депптің «Қарағаштар көшесіндегі сұмдық» фильміндегі алғашқы рөлін алуға көмектеседі. Депп әйелімен 1986 жылы ажырасады. Кейінірек ол Шерилин Феннмен кездесе бастайды және онымен атастырылады (екеуі 1985 жылғы «Қуыршақтар» (Dummies) қысқаметражды фильмінің түсірілімінде танысқан болатын).

Мансап жолы Телевизиядағы уақыт Депп 1987 жылы тұсауын кескен Fox телеарнасының «Джамп стрит, 21» атты телетоптамасында басты рөлді ойнайды. Депп бұл рөлде ойнауға өзіне шығармашылық шабыт берген актер Фредерик Форрестпен бірге жұмыс жасау үшін келісімін береді. Депптің ұзақ уақыттан бергі досы Саль Дженко "Блоуфиш" атты қоқыс жинаушының рөлінде телетоптамаға келеді. Телетоптаманың сәтті болып шығуы Деппті 1980 жылдардың соңындағы жасөспірімдердің сүйікті жұлдызына айналдырады. Ал уақыт өте келе ол өзін осы рөлде "студияның өнімі" ретінде сезіне бастайды. Осыдан соң Депп тек өзіне ұнайтын, өзіне дұрыс деп көрінген фильмдерде ғана ойнауға шешім қабылдайды. Депп өзінің топтамадағы әріптестері Питер де Луис, Холли Робинсондармен бірге 2012 жылғы оның комедиялық ремейк ретіндегі көркем фильмінде өз рөлдерін эпизодта қайта сомдады.

Фильм рөлдері 250 px|thumb|Джонни Депп 2011 жылы сәуір айында Депптің ең алғашқы фильм рөлі 1984 жылғы «Қарағаштар көшесіндегі сұмдық» қорқынышты фильмінде болды. Онда ол басты кейіпкер қыздың жігітін және Фредди Крюгердің құрбандарының бірін ойнайды. 1986 жылы Оливер Стоунның «Взвод» фильмінде вьетнамша сөйлей алатын қатардағы солдаттың кішігірім рөлінде көрінеді. 1990 жылы Тим Бёртонның «Эдвард қайшықолдар» фильмінде басқалардан ерекшеленетін, қолының орнына қайшылары бар жас жігіт Эдвардтың рөлін ойнауды өз мойнына алады. Дегенмен, фильм халықтың ыстық ықыласына бөленіп, Депп алғаш рет «Алтын глобус» марапатына номинация алады. Фильмнің сәттілігі оның Бёртонмен арадағы ұзаққа созылған достық әрі қызметтік қарым-қатынасына бастау береді.

Америкалық танымал журналист әрі жазушы Хантер С.Томпсонның шығармашылығының табынушысы әрі оның ұзақ уақыттан бергі досы Депп, жазушының фильммен аттас псевдоөмірбаяндық романына негізделген 1998 жылғы «Лас-Вегастағы үрей мен жек көрушілік» фильмінде Томпсонның Рауль Дьюк атты бір кейпін сомдады. Депп автордың соңғы кітап турларының бірінде Томпсонмен бірге оның жол менеджері ретінде жүрді. 2006 жылы Депп ammobooks.com басып шығарған «Гонзо: Хантер С.Томпсон түсірген фотосуреттер» атты жазушының қайтыс болғаннан кейінгі өмірбаянына кіріспе сөз жазды. Депп отшашулар мен Томпсон өмір сүрген Колорадо штатындағы Аспендегі Томпсонның күлін зеңбірекпен атуды қосқанда, Томпсонды еске алу құрметіне ұйымдастырылған шараларға кеткен шығынның көп бөлігін өзі көтерді. Ол Томпсонның шығармашылығына оның Ром күнделігі атты романының 2011 жылғы фильм нұсқасымен қайта оралды

Кино сыншылары Депптің рөлдерін «әйгілі жалғызжан кейіпкерлер» деп сипаттады. Депп өз мансабының бұл кезеңін «студиялар орнатқан сәтсіздіктер» мен «кинокассаның уы» болған фильмдерге толы болғанын, бірақ ол студиялар бұл фильмдерді ешқашан да түсінбеген және оларды жарнамалауды тиісті дәрежеде жүргізбеген деп ойлағанын атап көрсетеді.

250 px|thumb|left|Лондондағы мадам Тюссо балауыз мүсіндер мұражайындағы Джек Торғайдың мүсіні(2011 жыл)

2003 жылы Уолт Диснейдің «Кариб теңізінің қарақшылары: «Қара Маржан» қарғысы» фильмі өте сәтті шықты, онда Депптің тартымды қарақшы - капитан Джек Торғай ретіндегі жетекші рөлі жоғары бағаланды. Студия басшылары алғашында оған сенімсіздікпен қарады, алайда бұл кейіпкер киноға барушы халық арасында танымалдылыққа ие болды. Fandango сайты жүргізген зерттеуге сәйкес, көрермендердің бұл фильмге қызығушылығына Депп басты себеп болған. Фильм режиссері Гор Вербински Депптің бұл кейіпкері актердың өзіне көбірек ұқсайды десе, Депп бұл кейіпкерді «Роллинг Стоунз» тобының гитаристі Кит Ричардздан қарап, жасап шығардым дейді(кейін Кит Ричардз «Кариб теңізінің қарақшылары: Әлемнің қиырында» деп аталатын триквелде Джек Торғайдың әкесі капитан Тигтің рөлін сомдайды). Осы рөлі үшін Депп алғаш рет Үздік актер санатында «Оскар сыйлығы» сыйлығына номинация алады. 2004 жылы ол «Ғажайыптар елі» фильмінде Питер Пэнді ойлап тапқан шотландық жазушы Дж.М.Барриді сомдағаны үшін екінші рет Үздік актер санатында «Оскар сыйлығы» сыйлығына номинация алады. Депптің келесі басты рөлі 2005 жылғы «Чарли және шоколад фабрикасы» фильміндегі Вилли Вонка болды. Бұл фильм кинокассада ірі табысқа жетіп, оған «Мюзикл немесе комедиядағы үздік актер» санатында «Алтын глобус» номинациясын әкеледі.

Депп Джек Торғай рөліне 2006 жылы 7 шілдеде тұсауын кесіп, АҚШ көрсетілімдерінде алғашқы үш күнде $135,5 миллион ақша жинап, демалыс күндеріндегі ең жоғары кинокасса рекордын жаңартқан «Кариб теңізінің қарақшылары: Өлген адамның сандығы» сиквелінде қайта оралады. Кариб теңізі қарақшыларының келесі сиквелі – «Әлемнің қиырында» 2007 жылы 24 мамырда жарыққа шықты. Депп Джек Торғай рөлінде «өз жанының үлкен бөлігі» бар екенін және де келесі сиквелдерде осы рөлін қайта ойнағысы келетінің айтқан. Депп Джек Торғайды «Кариб теңізінің қарақшылары: Джек Торғай хикаясы» видеоойынында дыбыстады. Джонни Депптің керемет қылыштасу өнері (Джек Торғай рөлі үшін арнайы үйренген) “Reclaiming the Blade” деректі фильмінде ерекше аталып көрсетіледі. Фильмде қылыштасу шебері Боб Андерсон өзінің «Қара Маржан қарғысындағы» Деппен хореография бойынша жасаған жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Голливудтың тағы бір өз уақытында атағы шыққан қарақшысы Эрол Флиннді жаттықтырған Андерсон Депптің фильмдегі актер ретінде қылышты алып жүру қабілетін «адам бір нәрсені қаншалықты дәрежеде үйрене алса, сондай дәрежеде жақсы» деп түсіндірді.

2007 жылы Депп Тим Бёртонның «Суини Тод» мюзиклін фильмге ыңғайластыруында басты рөлде ойнады. Бұл рөлінде Депп алғаш рет бүкіл фильм бойы ән орындауына тура келді. Осы рөлі үшін ол үшінші рет "Оскар сыйлығы" сыйлығына номинация алып, «Мюзикл немесе комедиядағы үздік актер» санатында «Алтын Глобусты» жеңіп алды. Депп Голливудтың шетелдік баспасөз ассоциациясына алғысын білдіріп, Тим Бёртонға «зор сенімі мен көрсеткен демеуі» үшін жоғары баға берді.

2009 жылы Депп «Доктор Парнастың қиял әлемі» фильмінде марқұм Хит Леджердің бұрынғы кейіпкерін Джуд Лоу, Колин Фаррелдермен бірге ойнап бітірді. Үш актер де өздерінің фильмнен алған жалақыларын Леджердің қызы Матильдаға берді. 2010 жылы ол Бёртонның «Алиса ғажайыптар елінде» фильмінде Ессіз қалпақшыны ойнады. Сонымен бірге Анджелина Джолимен бірге «Турист» фильміне түсіп, осы екі рөлі үшін де «Мюзикл немесе комедиядағы үздік актер» санатында «Алтын Глобус» номинацияларына ұсынылды.

2011 жылы ол 3 фильмде басты рөлді сомдады: Гор Вербинскидің 2012 жылғы "Үздік анимациялық фильм" санатында "Оскар сыйлығы" сыйлығына ие болған "Ранго" атты анимациялық фильмінде Ранго деген басты кейіпкер хамелеонды өз даусымен сөйлетсе, «Кариб теңізінің қарақшылары: Бейтаныс жағалауда» фильмінде капитан Джек Торғай рөлінде және жазушы Хантер С. Томпсонның «Ром күнделігі» атты кітабының фильм нұсқасында продюсер әрі бас кейіпкер Пол Кемп рөлінде көрінді.

2007 жылы Депп Warner Bros. студиясының 1966-1971 жылдары америкалық ABC арнасында көрсетілген готикалық телетоптама «Қара көлеңкелерден» фильм жасауға деген ұсынысын қабыл алып, топтамамен аттас фильмде басты рөлді сомдады. Бұл фильмге Грэм Кингпен бірге Депп өзі продюсер болды. Қазіргі уақытта ол Дисней студиясының тағы бір фильмі «Жалғыз рейнджерде» бас кейіпкердің жолдасы үндіс Тонтоның рөлінде түсті, бұл фильм оны "Кариб теңізінің қарақшылары" және "Рангоның" режиссері Гор Вербинскимен тағы да табыстырды.

Жуық арада Депптің жаңа жобалары анықталды. Осы жылдың сәуір айында ол Кристофер Ноланның барлық фильмдерінде оператор болған Уолли Пфистердің "Үстемділік" атты режиссерлық дебютында басты рөлді сомдайтыны белгілі болды. Сонымен қатар режиссер Барри Левинсонның АҚШ-тың атақты гангстері,ирланд мафиясын басқарған Уайти Булджер туралы "Қара месса" атты фильмінде бас кейіпкердің рөлін сомдамақ. Және де "Кариб теңізінің қарақшылары-5" түсірілуге дайындық сатысында, Дисней студиясы атақты фильмдер сериясының бесінші бөлімі 2015 жылы жарық көретінін жариялады.

Тим Бёртонмен бірлестігі