Фёдор Михайлович Достоевский (30 қазан (11 қараша) 1821 жылы, Мәскеу, Ресей империясы — 28 қаңтар (9 ақпан) 1881 жылы, Санкт-Петербург, Ресей империясы) — ең атақты орыс жазушыларының және ойшылдарының бірі.
Фёдор Михайлович Достоевский – орыс жазушысы, Санкт-Петербург Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1877). Ол 1821 жылы он бірінші қарашада Мәскеу қаласында туған. 1843 жылы Санкт-Петербург әскери-инженерлік училищесін бітіреді. 1847 жылдан Михаил Петрашевскийдің қоғамына қатысқаны үшін 1849 жылы қамауға алынып, өлім жазасына кесіледі. Бұл жаза каторгамен ауыстырылып, 1850 – 1854 жылдары Омбыда айдауда, кейін қатардағы солдат болды. 1854 жылы Омбыда Шоқан Уәлихановпен танысады, бұл таныстық Семейдегі кездесулерден соң үлкен достыққа айналды. 1859 жылы Достоевский Тверь, кейіннен Санкт-Петербург қаласында тұруға рұқсат алады. Өз ағасы Михаил Достоевскиймен бірге 1864 жылға дейін «Время» (1861 – 1863) және «Эпоха» (1864 – 1865) журналдарын шығарып тұрды. 1862 – 1863 және 1867 – 1871 жылдары шет елдерде болды. Олар Германия, Франция, Англия, Швейцария, Италия және Австрия.1873 – 1874 жылдары князь Владимир Мещерский шығарып тұрған «Гражданин» журналының редакторы болды.
Достоевскийдің «Бейшаралар» (1846, қазақшаға 1955 жылы Сәйділ Талжанов аударған) атты алғашқы романы оның шығармашылық қуатын танытты. Кейінірек, «Қор болғандар мен қорланғандар» (1861), «Өлі үйден хаттар» (1861 – 1862) романдары жарық көрді. Достоевский «Ойыншы» (1866), «Қылмыс және Жаза» (1866, қазақшаға 1972 ж. Мұхтар Жанғалин аударды), «Нақұрыс» (1868, қазақшаға 1984 ж. Нияз Сыздықов аударған), «Жындар» (1870 – 1872), «Жеткіншек» (1875). «Ағайынды Карамазовтар» (1878 – 1880) романдарын жазды. Жазушы шығармалары адамның ішкі дүниесіндегі қайшылықты ашып, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге психологиялық талдау жасайды. «Жазушының күнделігі» (1871 – 1881), «Пушкин туралы сөз» (1880), т.б. әдеби-сын еңбектерінің әлемдік эстетика тарихында алар орны ерекше. Уәлихановпен достығы туралы Достоевский «Жазушының күнделігінде» жазған, екеуінің жазысқан хаттары сақталған.
Жазушы 1881 жылдың тоғызыншы ақпанында Санкт-Петербург қаласында қайтыс болған. Семейдегі 1857 – 1859 жылдары тұрған үйінде Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы (1971) бар.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Дереккөздер
Санат:11 қарашада туғандар Санат:1821 жылы туғандар Санат:Мәскеуде туғандар Санат:9 ақпанда қайтыс болғандар Санат:1881 жылы қайтыс болғандар Санат:Санкт-Петербургте қайтыс болғандар Санат:Орыс жазушылары Санат:Ресей философтары