Сайфи Құдаш, Сайфи Фаттахеддинұлы Құдашев (21.9.1894, Башқортостан, Уфа губерниясы Уфа уезінің (қазіргі Чишмы ауданының) Кляш ауылы — 26.6.1993, Уфа) — татар-башқұрт ақыны. Башқұрт АКСР-інің халық ақыны (1964), РКФСР-дің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984).
Ауыл медресесінде (1904 — 13), Уфадағы “Ғалия” медресесінде (1915 — 18) білім алған. “Ғалия” медресесінде Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Х.Бәсімов, Н.Манаевпен бірге оқыған, онда қазақ шәкірттерінің “Садақ” журналын шығарысқан. Қостанай өңірінде мұғалім болған (1913 — 15). 1930 ж. “Октябрь” журналының редакторы, 1943 — 48 ж. Башқортостан Жазушылар одағының басшысы болған.
Қазақ ақыны Н.Наушабаевты ұстаз тұтқан, оған еліктей отырып, алғашқы өлеңдерін 1913 жылдан қазақ тілінде жазған. Оның “Азаттық жырлары”, “Ақ билеттілер туралы” (екеуі де 1917), “Қызыл жауынгер” (1926), “Дауыл шықты”, “Соқа жырлары”, “Күрес батыры” (1928), “Бақыт заңы” (1932), “Республика жырлайды” (1940), “Шақыру” (1942), “Шын жүректен” (1944), “Менің махаббатым” (1956), т.б. жинақтары жарық көрген. “Хат” (1930), “Менің ауылдасым” (1943) атты поэмалары бар.
Сайфи Құдаш балаларға арналған “Баярлар бар кезде” әңгімесін (1928), “Әзір бол” өлеңдер жинағын (1935), “Бақытты балалық шақ” (1935) кітаптарын жазған. “Ұмытылмас минуттар” (1957) мемуарлық еңбегі жарық көрген.
Ол “Жастық шақтың ізімен” (1964, 1984) естеліктер жинағында Абай шығармаларынан үзінділер келтіріп отырған. Сайфа Құдаштың Абай туралы екі мақаласы (“Абай Құнанбаев” “Қызыл Башқұртстан” газеті, 1945 ж. 19 тамыз; “Менің ұстазым” “Қазақ әдебиеті” газеті, 1971 ж. 25 мамыр) башқұрт және қазақ тілдерінде жарық көрді. Өмірінің соңына дейін қазақ әдебиетінен қол үзбей, қазақ қаламгерлерімен әдеби байланыста, тығыз қарым-қатынаста болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Халықтар достығы”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.Қазақ энциклопедиясы, 7 - томЖастық шақтың ізімен, А., 1984.
Дереккөздер
Санат:21 қыркүйекте туғандар Санат:1894 жылы туғандар Санат:Чишмы ауданында туғандар Санат:26 маусымда қайтыс болғандар Санат:1993 жылы қайтыс болғандар Санат:Башқұртстанда қайтыс болғандар Санат:Башқұрт ақындары Санат:Татар ақындары Санат:Башқұртстан халық ақындары Санат:Ресей еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері Санат:Ленин орденінің иегерлері Санат:Еңбек Қызыл Туы орденінің иегерлері Санат:Халықтар Достығы орденінің иегерлері Санат:Құрмет Белгісі орденінің иегерлері