Ресурстар (французша ressourse — құрал-жабдық, мүмкіндік), босалқы қорлар — табыс, ақшалай және басқа қаражат, құндылықтар мен олардың көздері.
Негізгі түрлері: ақпараттық ресурстар — әлеуметтік мәні бар және қоғамдық іс-тәжірибеде пайдаланылатын ақпараттық материалдардың (ақпараттық құжаттардың, ақпараттың), сондай-ақ ғылыми-техникалық ақпараттың жиынтығы; банк ресурстары — банктердің меншікті және сырттан тартылған қаражатының жиынтығы, оны банктер несиелендіру және актив операцияларын жүргізу үшін пайдаланады; бюджет ресурстары —барлық деңгейдегі бюджеттерге кіріс ретінде түсетін ақшалай қаражат; еңбек ресурстары — халықтың еңбекке жарамды бөлігі; қаржы ресурстары — мемлекеттің, кәсіпорынның, ұйымның қарамағындағы ақшалай қаражат қорларының жиынтығы; материалдық ресурстар — еңбек заттары мен құралдары: машиналар мен жабдық, шикізат, негізгі және қосалқы материалдар, жартылай фабрикаттар, отын, аяқталмаған өндіріс және өндіріс қалдықтары, машиналар мен жабдықтарды жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер, ыдыс; табиғат ресурстары — жер, су, әуе байлықтары, пайдалы қазбалар, орман, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі түріндегі табиғи, экономикалық, өндірістік ресурстар; экономикалық ресурстар — фирманың, кәсіпорынның меншігіндегі және пайда алу үшін пайдаланылатын негізгі құрал-жабдықтың, бейматериалдық активтердің, басқа да құндылықтардың, ақшалай қаражаттың жиынтығы, өндірісті қамтамасыз ету көздері деген мағынаны білдіретін іргелі экономикалық теория ұғымы; экспорттық ресурстар — сыртқы нарықтарда өткізуге арналған өнім, көрсетілетін қызметтер, жекелеген жұмыс түрлері, қаржы-қаражат; энергетикалық ресурстар — отынның барлық түрлерінің қорлары. сарқылмайтын ресурстар