Ақмырза Төсов (Төсұлы), Ақмырза ишан (1881, қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылы – 1930, Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылы) – діни қайраткер, көтеріліс басшысы. Алшын тайпасының Шөмекей руының Бозғұл аймағының Жолай аталығынан шыққан.

Биографиясы Ауыл молдасынан білім алып, кейіннен Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқыған. Стамбұл қаласында діни білім алып, “ахун”, “ишан” дәрежесінде 1908 жылы Қармақшы өңіріне оралды. Қуаңдария бойында мешіт салдырып (бүгінде Ақмырза Төсов атында), шәкірт тәрбиеледі. Ақмырза Төсов 1928 жылы Кеңес үкіметінің ірі байлар мен орташаларды тәркілеу саясатына қарсы шықты. 1930 жылы наурыз айында Қарақ елді мекенінде қарулы көтеріліс басталды. Ақмырза Төсовтің жасағында 500-ден астам көтерілісші болған. Ақмырза Төсов бастаған көтерілісшілер жазалаушы Пукановтың жасағымен екі рет кескілескен ұрыс жүргізді. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 170 адам, жазалаушылардан 4 адам қаза тауып, 5 адам жараланды. Қызылқұм ішінде болған екінші шайқаста Ақмырза Төсовтің 107 адамы қаза тауып, 150-дейі жарақат алды. Осы 26 наурыздағы соңғы шайқаста Ақмырза Төсов қасындағы 3 адамымен және көтеріліс басшысы Жанұзақ Батыров қаза тапты. Оның Тоқмырза, Тоймырза атты інілері мен 200-дей көтерілісші Қарақалпақ өңіріне бет алды. Кейін оларды ОГПУ жасағы ұстап, 10 адам ату жазасына, 41 адам 10 жылға дейін еңбекпен түзеу лагеріне жіберіліп, 6 адам жер аударылды. Жазалау барысында мешіт бұзылып, діни кітаптар өртелді. Ақмырза Төсов бірнеше діни кітаптардың авторы. Бүгінде Ақмырза Төсовтің ұрпақтары Ауғанстан, Түркия, Иран елдерінде, Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тұрады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том

Дереккөздер

Санат:1881 жылы туғандар Санат:Қармақшы ауданында туғандар Санат:1930 жылы қайтыс болғандар Санат:Қармақшы ауданында қайтыс болғандар Санат:Ұлт-азаттық қозғалыстардың көсемдері Санат:Қазақстан ишандары Санат:Көкілташ медресесінде (Бұхара) оқығандар