Неолит дәуіріндегі Атырау өлкесі — Неолит дәуірі немесе жаңа тас ғасыры біздің заманымы дейінгі 5 мен 3 мың жылдықтар арасында болған дәуір. Бұл маңда адамдар едәуір дамыған, тас ғасырының өзге дәуірлеріне карағанда адамдардың дамуы осы дәуірде жоғары сатыға көтерілген.
Неолит тас ғасырының соңғы дәуірі. Бұдан кейінгі замандарда металдар пайда болады да, металдар тастын орнын күнделікті өмірде ығыстыра бастайды. Тас өңдеуде көптеген жаңа құралдар пайда болған, мысалы балта. Тастан жасалған пышақтар да тас ғасырының өзге дәуірлерден гөрі осы дәуірде жақсырақ өнделген. Осы неолит дәуірінде адамзат қыш құмыраны немесе керамиканы жасауды үйренді.
Атырау алқабынан табылған неолиттік артефактар Атырау алқабынан қазба кезінде кремний қалдықтары, қырғыштардың сұлбалары табылған. Бұл ескерткіштермен академик Ә.Х.Марғұлан таныс болып, оларды неолит дәуіріне жатқызды. 1990 ж. қалаға жақын жердегі қорғандарға жүргізілген қазба кезінде Шерімбай қорымынан 30 шақырым жерден кремний пышақтары, қырғыштар мен біздер табылды. 1989-1990 жж. Атырау облысынан табылған Шатпақөл, Құлсары I-V, Шаңды ауыл, Қыз емшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Шаянды, т.б. неолиттік тұрақтар қатарына жатады.
1992 жылдың аяғындағы мәліметтерге қарағанда облыс жерінен неолит дәуіріне жататын 24 мекен мен тұрақ табылған. Бұлар Жылой ауданында жұмыс жасаған Батыс Қазақстан экспедициясы зерттеулерінің нәтижесі болып табылады. Неолит мекендері Сарқамыс пен Шаяндыдан да табылған. Сарқамыс маңынан табылған алғашқы адамдардың қоныстары картаға түсіріліп, «Прорва археологиялық кешені» деген шартты атаумен көрсетілген. Шатпақөл Жылой ауданының Шоқпартоғай ауылынан 12 км солтүстікке қарай орналасқан. Құлсары қаласының маңында Құлсары I-V газ, мұнай құбырлары, жол жүргізу барысында қираған. Шаңдыауыл Құлсарыдан солтүстік-шығыста 22 км жерде орналасқан. Тастан табылған құралдар Ақкиізтоғай ауылындағы қазіргі қорым маңайында, ал Қыземшек Иманқара тауынан алыс емес жерде. Тау басынан нуклеустер, пышаққа ұқсас пластиндер, керамика табылған. Осындай артефактер Қайнар өзенінің жоғарғы жартасынан да шыққан. Жыланқабақ, Қойқара керамика фрагменттерінде «шырша қылқандары», «жұқа тісті тарақ» өрнектері тән.
Б.з.д. V-III мың жылдықта бұл аймақтан садақ пен жебе, бірқатар еңбек құралдары табылған болатын. Қыспа ретушь техникасын меңгерген адамдар еңбек пен аңшылық істеріне қажетті құралдарды жасады. Ол пышақ, қырғыш, біз, кескіш, т.б. болатын. 2004 жылдан бері Қазақстан, Ресей археологтары бірігіп, Батыс өңіріне қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар ашқан ғылыми жаңалықтар тарих ғылымына қосылған тың әрі толық зерттелмеген терең қабаттар. Жылойдағы Аралтөбеден табылған Алтын адам — сармат көсеміне дейін адамдар мекендегенін көрсетеді, оған қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-гі Палеолит музейінде тұрған неолиттік Прорва археологиялық кешенінен табылған алғашқы адамдардың құрал-саймандары дәлелдейді.
Атырау өңірінен табылған неолит ескерткіштері Оңтүстік Орал, Солтүстік Қазақстан мен Арал өңірі мәдениеттеріне ұқсас екенін байқауға болады.
Дереккөздер
Санат:Атырау облысы тарихы