Индер ауданындағы халық ағарту ісі (1898-1913 жж.) — Қазан төңкерісінен бұрынғы Индер жерінде, саны өте аз болса да түрліше мектептер ашылып, біресе жабылып, іркілістермен жұмыс жасады. Алайда, олардың жаңаша білім алуға талаптанған қазақтар үшін өте үлкен әсері болды.

Болыстық орыс-қазақ мектептері Мұсылмандық медреселерден қауіптенген Ресей өкіметі қазақтарды орысша сауаттандыруды кеңірек ауқымда жүргізуді кеш те болса, 1890-шы жылдардың бірінші жартысында бастады. Қазақстандағы тұңғыш мұндай ауылдық мектеп 1892 жылғы 15 тамызда Қостанай облысының Николаев қисымындағы (уезіндегі) Кеңарал болысының 4-ші ауылында ашылған екен.«Қазақстан» Ұлттық энциклопедия. Бірінші том, Алматы, 1998 552-бет Атырау өңірінде қазіргі құжаттардың негізінде, ол кезде Ішкі Бөкей ордасының бір бөлігі (яғни, қазіргі Құрманғазы және Исатай аудандарының аумағы) әлі қосылмаған Атырау өлкесіндегі тұңғыш ауылдық орыс-қазақ мектебі 1895 жылы Есбол ауылында құрылған болыстық орыс-қазақ мектебі деп есептелінеді. Осы жылы Калмыков (кейін - Ілбішін) уезіне бағынған Индер ауылының болыстық орыс-қазақ мектебі де өз жұмысын бастады. Бұларда 1895 жылы — 109 (52+57), 1896 жылы — 118 (54+64), 1897 жылы — 121 (59+62) бала оқыды. 1897 жылы бұлардың қатарына 60 шәкірті бар Қарабаудағы болыстық орыс-қазақ мектебі қосылды.

Есболдағы болыстық орыс-қазақ мектебі — бұрынғы Гурьев уезіне бағынды. Бұл жылдары меңгерушінің лауазымын атқарушы (1895-1897 жж.), мектептің бірінші мұғалімі (1895-1897 жж.) — Өтеген Тұрымов, екінші мұғалімі — Митрофан Васильевич Степаненко (1895-1896 жж.), Алексей Петрович Захаров (1897 ж.) болды. Білім ұясында 1895 ж. - 52, 1896 ж. - 54, 1897 ж. - 59 бала оқыды. Кейін, 1898 бұл білім беру мекемесі Халық ағарту министрлігіне бағынысты болған бірсыныптық орыс-қазақ училищесі болып өзгертілді.«Статистический обзор Уральской области», Саратов, 1897-1899 гг.Әміржанұлы А. Атыраудың алғашқы ағартушылары…, 2016.

Индердегі болыстық орыс-қазақ мектебі — бұрынғы Калмыков уезіне бағынды. Бұл жылдары мектептің бірінші мұғалімі (1895-1897 жж.), меңгерушінің лауазымын атқарушы (1895 ж.), меңгерушісі (1896-1897 жж.) — Гавриил Семенович Пысин, екінші мұғалімі — Үмбетқали Дүйсенбин (1895 ж.), Қабиболла Тәжібаев (1896-1897 жж.) болды. Білім ұясында 1895 ж. - 57, 1896 ж. - 64, 1897 ж. - 62 бала оқыды. Кейін, 1898 ж. бұл білім беру мекемесі Халық ағарт министрлігіне бағынысты болған бірсыныптық орыс-казақ училишес болып өзгертілді.

Медресе жанындағы орыс-қазақ мектептері, сауат ашу мектептері және орыс сыныптары Болыстық мектептермен қатар Атырау өңіріндегі кейбір медреселер жанында XIX ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында сауат ашудың орыс-қазақ мектептері ашылды, мұнда орыс балалары оқымаса да, негізінен орысша сауат ашуды көздегендіктен осылай аталды. Осы оқу орындарында орыс тілі, орыс тарихы, мұсылман діні тарихы мен араб тілі, есептің төрт амалы пәндері оқытылды.

Үкімет тарапынан тиісінше қаражат бөлінбегендіктен олар біресе ашылып, біресе жабылып қалып отырды. Мысалы, олар 1898 жылы - 3, 1899 жылы - 1, 1900-1902 жылдары - қайтадан 3, 1903-1904 жылдары - 4, 1905-1907 жылдары - 5, 1908 жылы - тағы да 1 болды. Сондай-ақ, мектептерде білім алушылардың саны туралы деректер толық емес, тек қана 1900-1901 жылдары сол кездегі Ілбішін уезіне бағынған Индер болысының №4 ауылындағы медресе жанындағы мектепте - 12, ал, Қызылжар болысының №2 ауылындағы медресе жанындағы мектепте - 15 оқушы болғандығы көрсетілген.

Индер болысындағы болыстық молда Мұқанбетияр Тоғайбаевтың №1 ауылдағы медресесі жанындағы ауылдық орыс-қазақ мектебі — бұл оқу орны Орынбор Оқу округінің Қамқоршысы 1899 жылғы 13-ші маусымда бекіткен «Орал облысының Жайықтың арғы жағындағы далалықта қырғыздардың (қазақтардың) ауылдық кауымдастықтары және жеке адамдарының күшімен сауат ашу жәніндегі орыс-қырғыз (қазақ) мектептерін ашу және қаржыландырып отыру туралы ережелер» негізінде құрылған облыстағы білім мекемелері қатарында ашылды. Бұрынғы Ілбішін уезіне карады. Орыс тілі пәнінің мұғалімі болып Құлмұқанбет Бейсалин (1899-1900 жж.), Ғалымхан Қорғанбаев (1901-1902 жж.), Нұрғали Жұмағазиев (1903-1904 жж.), Нұржановтар (1905 ж.) еңбек етті. Кейін - 1906-1910 жж. бұл білім ұясы ресми құжаттарда «Индер болысындағы №1 ауылдың орыс-қазақ мектебі» болып жазылды.«Статистический обзор Уральской области».Уральск,1901-1907.г.

Мәтеш болысының №1 ауылындағы Қожақмет Әділевтің медресесі жанындағы орыс-қазақ мектебі — 1898 жылы жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Ілбішін уезіне қарады. Мұғалімі - Қожахмет Әділов.

Мәтеш болысының №3 ауылындағы медресе жанындағы Бекмуқанбет Сүлейменовтің сауат ашу жөніндегі орыс-қазақ мектебі — Индер ауданы аумағында 1898 жылы жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Ілбішін уезіне қарады. Мұғалімі — Бекмұқанбет Сүлейменов.

Мәтеш болысының №8 ауылындағы Уәлиақмет Құрмановтың медресесі жанындағы орыс-қазақ мектебі — Индер ауданы аумағында 1898 жылы жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Мұғалімі — Уәлиахмет Құрманов. Кейін 1906-1908 жж. болған Мәтеш болысының №8 ауылындағы ауылдық орыс-қазақ мектебі ашылған. Ол кезде Жақасов (1906 ж.), Нұралыханов (1907 ж.) мұғалім болды.

Мешіт жанындағы орыс-қазақ мектебі Сол кездің заманы талабына сәйкес Ресей империясының мемлекеттік тілі — орыс тілін білу бірінші қажеттілік болғандықтан тіпті мұсылман мешіттерінің жанынан орысша сауат ашу мектептері, кей жерлерде сыныптары ашылды. Мұндай оқу орындары Индер жерінде де жұмыс жасады.

Есбол болысындағы Қожаров молданың мешіті жанында жұмыс жасаған сауат ашудың орыс-қазақ мектебі — 1904-1905 жж. болған білім беру мекемесі, ол қазақ қауымының қаражатына жұмыс жасады. Осы жылдары мұнда орыс тілі пәнінің мұғалімі болып Құлжан Қартмәмбетов еңбек етті.«Статистический обзор Уральской области». Саратов, 1897-1899 гг.; Уральск,1906-1907г

Бір сыныптық орыс-қазақ училищелері Атырау өңірінде 1879 жылдан бастап жұмыс жасаған орыс-казақ училищесі соңғы 38 жыл ішінде өте аз және баяу дамыды. Бұл патша өкіметінің бұған шын ниетті болмағанын дәлелдейді. 1917 жылдың қарсаңында (деректер бойынша 1915 жылдың 1-ші каңтарында) олардың жалпы саны 23 болған. 1898 жылы Есбол, Индер-Қызылжар, Қарабау, Қаракөл оқу орындары есігін ашты. Оку мерзімі төрт жыл болған мұндай білім ұяларынын қатарын 1902 жылы — Мәтеш бірсыныптық орыс-қазақ училишесі толықтырды. Ұзын саны 1906 жылы 8-ге жеткен бұл тұрпатты мектептер келесі жылы Сокол училищесінің қосылуына қарамастан 5-ке кеміп кетті. Оның себебі Есбол, Жылой, Кермеқас, Қаракөл бірсыныптық орыс-қазақ училищелері 1907 жылы ірілендіріліп, екісыныптық орыс-қазақ училищелеріне айналды. Индерліктер үшін Есбол, Индер-Қызылжар, Мәтеш орыс-қазақ училищелері жұмысының да үлкен маңызы болды.

Есболдың бір сыныптық орыс-қазақ училищесі — Индер ауданы жерінде 1898-1906 жж. жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Бұл оқу орнының Құрметті қадағалаушысы 1899-1900 ж. Гурьев уезінің бастығы штабс-капитан Николай Михайлович Любимов, 1901-1906 жж. — Гурьев уезінің бастығы есаул (1907 ж. подполковник) И.П.Завьялов болды. Училищенің меңгерушісі лауазымын атқарушы және бірінші мұғалімі болып — Өтеген Тұрымов (1898- 1899 ж.), меңгеруші және бірінші мұғалімі болып — Айшым Орманов (1900-1901 жж.), Темірхан Сәтиұлы Сарыбөпиев (1902-1904 жж.) (1902 ж. - лауазымды атқарушы), Хабдырақман (құжатта - Хабибрахман) Қазиев (1905 ж.), Филипп Тимофеевич Альжев (1906 ж.); екінші мұғалімі болып Алексей Петрович Захаров (1898 ж.), Василий Михайлович Ульянов (1899-1902 жж.), Михаил Александрович Меркулов (1903-1905 жж.); мұғалімі болып - Отар Құтқожаұлы Сарыбөпин (1906 ж.) еңбек етті. Оқушысы 1898 ж. — 80 (оның интернаттағысы - 79 қазақ), 1900 жылы - 71 (оның интернаттағысы - 71 қазақ) болды. Осы мектептің 1903 жылғы түлегі Хұснатдин Жұбайұлы Муньянов (1886-1948) кейін Атырау-Жайық өңірінің алғашқы қазақ ағартушыларының бірі болды, кеңестік алғашқы қазақ мектептерін құруға және дамытуға ерекше үлес қосты.«Статистический обзор Уральской области за 1900-1908 гг.»А.Әміржанұлы. Нағыз халық ұстазы болатын. «Дендер», 2017 жылғы 6 сәуір

Индер мен Қызылжардың бір сыныптық орыс-қазақ училищесі — 1898-1914 жж. жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Ол 1895-1897 жж. жұмыс жасаған Индер болыстық орыс-қазақ мектебінің бірсыныптық училище болып өзгертілген түрі болатын. Оқу орнының құрметті қадағалаушысы 1899-1902 жж. — Ілбішін уезінің бітістіруші судьясы Константин Константинович Скаковский, 1903-1905 жж. — Ілбішін уезінің 3-телімдік шараулар (крестьяндык) бастығы, губерниялық хатшы Павел Григорьевич Сладков еді. Училищенің меңгерушісі және бірінші мұғалімі болып — Хабиболла Тәжібаев (1898-1901 ж.), Федор Степанович Овчинников (1902-1903 жж.), Иван Ширяев (1899 ж.), Иван Васильевич Ширявсков (1904 ж.), Матвей Павлович Евдокимов (1905-1909 жж.), Иван Васильевич Ширяев (1910- 1914жж.); екінші мұғалімі болып — Иван Васильевич Ширяев (1898-1901 жж.), Темірғали Соналиев (кейінгі кұжаттарда Саналыұлы Саналиев)(1902-1905 жж.), Қазмұқанбет Тәттібаев (1910 ж.); үшінші мұғалімі болып — Қожағұл Досов (1899 ж.); мұғалімі болып — Хайдар Тілепұлы Дәуішев (1906-1909 жж.)(1909 ж.сонымен бірге - дін мұғалімі), Қазмұқанбет Тәттібаев (1911 ж.), Владимир Глинский (1911 ж.), Қаржау Төлешев (1912 ж.), Пәміхан Тұрдағалиұлы Өзбекқалиев (1913-1914 жж.) еңбек етті. Оқушысы 1898 ж. - 57 (оның интернаттағысы - 57 қазақ), 1899-1900 жж. - 75 (оның интернаттағысы - 75 қазақ) болды.«Статистический обзор Уральской области». Уральск, 1900-1915 г.

Мәтештің бір сыныптық орыс-қазақ училищесі — 1902-1914 жж. жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Оқу орнының құрметті қадағалаушысы 1903-1907 жж. Ілбішін уезіндегі 1-телімдік шаруалар (крестьяндық) бастығы, статтық кеңесші Александр Андреевич Вербов болды. Училищенің меңгерушісі, бірінші мұғалімі болып — Ахмет Қошқарбайұлы Қошқарбаев (1902-1905, 1907-1914 жж.), Салық Қожасұлы Тұрымтаев (1906 ж.); екінші мұғалімі болып — Сапа Әжігереев (1902. 1904 жж.), Сейітназар (Сетиназар) Дәрібайұлы Ыспандияров (құжатта Исфандияров) (1905 ж.); мұғалімі болып (1906 ж.бастап) — Сейітназар (Сетиназар) Дәрібайұлы Ыспандияров (1906 ж.), Исламғали Бекентайұлы Бекентаев (1907-1909 жж.), Бәтен Жұмабайұлы Жұмабаев (1910-1914 жж.); діни мұғалім болып — Мұқанбет (Бекмұқанбет) Қожахметов (1908 1909, 1911-1914 жж.) еңбек етті.«Статистический обзор Уральской области». Уральск, 1904-1915 гг.

Екі сыныптық орыс-қазақ мектебі Қазақтар үшін Атырауда жұмыс жасаған мектептердің деңгей жоғарысы екі сыныптық орыс-қазақ училищелері болды. Бұлардың Атырау өңіріндегі тұңғышы Гурьев қаласында 1879 жылы ашылған болатын. Ол ұзақ уақыт бойы жеке-дара болып келді. 30 жылдан соң ғана 1908 жылы оның қатарына жаңа Есбол, Жылой, Кермеқас, Қаракөл училищелері қосылды. Осы бесеуі Ұлы Қазан төңкерісіне дейін жұмыс жасады. Бұлардың Индер өлкесінде болғаны — Есбол мектебі болды.

Есболдың екі сыныптық орыс-қазақ училишесі — 1907-1915 жж. жұмыс жасаған білім беру мекемесі. Училищенің Кұрметті қадағалаушысы 1907-1908 жж. Гурьев уезінің бастығы, подполковник И.П.Завьялов болды. Бұл оқу орнының менгерушісі және бірінші мұғалімі болып — Шәріп Сейкетов (1907-1908 жж.), Қожағұл Қалдықожаұлы Досов (1910-1915 жж.; 1909-1910 жж.); мұғалімі болып — Аманғали Асыләлі-ұлы Асыләлиев (1907-1910 жж.), Павел Иванович Малеин (1909 ж.), Александр Владимирович Далматов (1910- 1915 жж.), Қаржау Төлешев (1911 ж.), Сергей Иванович Сухарев (1912 ж.), Исаакий Семенович Попов (1913-1915 жж.) еңбек етті.

Бастауыш орыс-қазақ училищелері Патша шенеуніктері ауылдық мектептердің жұмысын жақсарту, оларға өз ықпалын жүргізу мақсатында 1911 жылы оларды «бастауыш орыс-қазақ училищелеріне» айналдырып жіберді. Бұл білім ұялары Атырау өңірінде алғашқы екі жылда — 1911-1912 жылдары алтау ғана болып, Есболда, Индерде (екі училище болды), Қызылжарда, Қызылкоғада, Көпайдарлыда құрылған болса, 1914 жылы оның жалпы саны онға жетті: жаңадан Қаракөлдің, Қаратөбенің, Мәтештің, Сабынкөлдін, Тайсойғанның бастауыш орыс-қазақ училищелері құрылды.