Қарақұдық қорғаны — ерте темір дәуіріне тиесілі археологиялық ескерткіш. Ескерткішті 2005 жылы Атырау облысы тарихи - мәдени ескерткіштер жиынтығының археологиялық ескерткіштер бөлімін дайындаушы экспедициясы (ААЕЖЭ жетекшісі Қасенов М.С.) зерттеді.

Орналасқан жері Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8,7 км жерде орналасқан.

Сипаттамасы Топырақтан үйілген қорғанның диаметрі 45 м, биіктігі 2 м. Үсті тегіс, Сыртында тереңдігі 0,5 м, ені 5 м болатын ор бар. Үстіне триангуляция тірегі орнатылған.

Археологиялық қазбалар Археологиялық қазба кезінде қор­ғанда ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны бар екені анықталды. Жерлеу орындарынан екі әйел мен бір ер адамның мүрдесі табылды. Жерлеу орындары біздің заманымызға дейінгі V ғасыр­­ға сәйкес келеді. Мүрденің жа­нынан үш алтын білезік, екі алтын сақи­на мен сырға, күміс алқа және жебе, ал екін­ші қабірден бал ашу­ға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасы шықты. Ал шамамен 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адам жерленген қабір­ден қанжар, найза, қайрақ, ер тоқымның тіреуіші, 100-ге жуық жебе мен сын­ған қазанның қалдығы табылған. Археолог Ғаламат Базарбаевтың пікірінше, қорғандардан табылған темір бұйымдар сауда-саттық керуендерінен қалған бо­луы мүмкін.

Дереккөздер

Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері