Субате () — Латвияның Аугшдаугава аймағындағы, Литвамен шекарада орналасқан шағын қала. 2026 жылғы деректер бойынша Субате қаласының халқы 625 адамды құрады. Субате — Латвиядағы 76 қаланың бірі және халық саны жағынан елде 75-ші орында тұр.

Географиялық орналасуы Қала Аугшдаугава аймағының солтүстік-батысында, Латвия мен Литва шекарасына жақын жерде, Субате көлінің жағасында орналасқан. Даугавпилстен батысқа қарай 53 км, Ригаға дейін 173 км қашықтықта.

Тарихы Суббате елді мекені алғаш рет 1570 жылғы жазба деректерде аталған. Батыс Еуропа мен Риганы Ресеймен байланыстыратын сауда жолының бойында орналасқандықтан, бұл жерде саудагерлер жиі жүрді. Сол себепті жергілікті тұрғындар көптеген дүкендер, таверналар мен қонақүйлер ашқан.

1570 жылы Курляндия мен Семигалияның алғашқы герцогы Готхард Кеттлер Латвияның оңтүстік-шығысындағы ықпалды ақсүйектер әулеті — балтық немістерінің Платер отбасына Субате көлі мен Альт-Суббат (Ескі Суббат) маңындағы жер иелігін сыйға тартты. Контрреформациядан кейін Платер-Зиберг әулеті католик дінін қабылдап, өздеріне қарасты шаруаларды католиктік сенімге тарту мақсатында миссия ашты. Бұған наразылық ретінде лютерандар көлдің арғы бетіне өтіп, Ной-Суббат (Жаңа Суббат) елді мекенінің негізін қалады. Бұл екі елді мекен 1894 жылы біріктірілді. Субатеге 1917 жылы қала мәртебесі берілді.

1941 жылы 28 маусымда неміс әскері қаланы басып алды. Сол жылы Холокост кезінде қаладағы еврей халқының басым бөлігі түгелдей дерлік жойылды. 1949 жылға дейін Субате қаласы Илуксте уезінің, кейіннен Илуксте ауданының құрамында болды. 1962 жылы аудандарды біріктіру нәтижесінде ол Даугавпилс ауданының құрамына енді. 2009 жылғы 1 шілдеден бастап, Латвиядағы әкімшілік-аумақтық реформадан кейін, қала Илуксте аймағының құрамына кірді.

Экономикасы және инфрақұрылымы Р70 аймақтық жолы (Свенте – Литва шекарасы) Субате арқылы өтеді. P73 аймақтық жолы да (Вецумниеки – Нерета – Субате) қалаға қосылады. Қалааралық автобус қызметінің егізгі бағыттары: Субате — Акнисте — Яунелгава — Рига; Субате — Акнисте — Нерета — Вецумниеки — Рига; Субате — Илуксте — Даугавпилс.

Қалада балабақша, қоғамдық орталық, латыш тілінде оқытатын негізгі мектеп, дүкендер, екі әлеуметтік мекеме (біреуі қарттарға, екіншісі мүгедектігі бар адамдарға арналған), сондай-ақ пошта бөлімшесі, шаштараз, монша және кір жуу орны бар.

Көрікті орындары 1686 жылы салынған Субате евангелиялық-лютерандық шіркеуі; 1831 жылы салынған Әулие Михаил католиктік шіркеуі.

Галерея

Дереккөздер

Санат:Латвия қалалары