Жұмаділ Әділбаев (1946 ж.) – ардагер журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Өмірбаяны 1946 жылы 22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Манат ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор, әдеби редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1978-1983 жж. облыстық партия комитетінде нұсқаушы, «Коммунизм туы» облыстық газетінің редакциялық кеңесінің жетекшісі, облыстық партия комитетінің идеологиялық жұмыстар бөлімінің жетекшісі болған. Ж. Әділбаев зейнеткер жасына дейін бірнеше жыл қатарынан «Дидар» облыстық газетінің редакциясын басқарған.
Марапаттары Қазақстан Журналистер одағының 50 жылдығына орай «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісімен марапатталған (2009), көрнекті қазақ жазушысы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кербұғы» киноэссесін әзірлегені үшін сценарист ретінде «Зерттеу жұмыстары» номинациясында Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанады (2013). ҚР Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығының және көрнекті қазақстандық журналист әрі жазушы Геннадий Толмачев атындағы сыйлықтың лауреаты.