Санақ Әбеуов (1947–2001) — дәстүрлі әнші. Абай облысы, Аягөз ауданы (бұрыңғы Семей облысы, Шұбартау ауданы), Мәдениет ауылында дүниеге келген.

Өмірбаяны

Санақ Әбеуовтің әншілік өнерге қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. 1967 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шұбартау аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарып, бұл жұмысты 1970 жылға дейін атқарды.

1970 жылы республикалық эстрада студиясына оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтен дәріс алды. 1973 жылы студияны бітірген соң Талдықорған облыстық филармониясында Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің концерттік бригадасында әнші болып қызмет етті.

1975 жылы отбасылық жағдайына байланысты туған жеріне оралып, Шұбартау аудандық мәдениет бөліміндегі қызметін жалғастырды.

1980 жылдан бастап Баршатас халық театрының режиссері болды. 1997–1999 жылдары Аягөз қаласындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» халық театрында режиссер қызметін атқарды.

Шығармашылығы

Санақ Әбеуовтің дәстүрлі әншілік репертуарында 500-ден астам ән болған. Ол қазақтың халық әндерін өзіндік орындаушылық мәнерімен насихаттап, дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосты.

Әншінің репертуарында «Сұржекей», «Ағашаяқ», «Қисмет», «Бозқараған» сияқты халық әндері болды. Бұл шығармаларды нақышына келтіре орындап, тыңдарман қауымның ықыласына бөленді.

Санақ Әбеуов 2001 жылы қайтыс болды.

Дереккөздер