Ядролық технологиялар паркі — Абай облысы Курчатов қаласында орналасқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен 2005 жылы Курчатов қаласында «Ядролық технологиялар паркі» АҚ құрылды. Оның негізгі мақсаты – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми әлеуетін бейбіт мақсатқа бағыттау, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және радиациялық технологияларды дамыту.
Құрылуы және даму кезеңдері 2005 жыл: Курчатов қаласында бұрынғы әскери-ғылыми базаның мүмкіндіктерін пайдалану үшін арнайы технопарк құру қолға алынды. 2006–2010 жылдар: Инфрақұрылымдық кешендер іске қосылып, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік өндіріс орындары қалыптаса бастады. 2010 жыл: Шілде айында технопарктің жаңа өндірістік инфрақұрылым нысандарының құрылысы басталды. Бүгінгі күн: Мемлекеттік бағдарламалар мен халықаралық ынтымақтастық аясында полимерлерді радиациялық өңдеу, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын сәулемен өңдеу және инновациялық өнімдер шығару бағыттарында жұмыс жүргізуде.
Осы орайда елімізде үш негізгі және өңірлік үш технопарк құрылысы қатар қолға алынғанын айта кетсек дейміз. Бүгін біз сөз етіп отырған технопарк солардың ең бастысы болып табылады. Ал оның тізгінін алғашқы күннен бастап Санкт-Петербург политехника институтының түлегі, техника ғылымының кандидаты Абзал Құсайынов деген бауырымыз қолында берік ұстап келеді. Содан бергі жерде бұлар жаңалық-өзгерістерден кенде емес. Технопарк қызметкерлері мен қызметшілері үшін 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Осыдан тура екі жыл бұрын әкімшілік-өндірістік және радиациялық технологиялар кешені қатарға қосылды. Жер-жерден мұнда келіп түсіп жатқан инновациялық ұсыныстар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Жуырда іргелі кәсіпорынның жас та болса іскер басшысы Абзал Тұсынбайұлымен қайыра тілдескенбіз. Ол өздеріне жүктелген міндеттерге тағы да тоқтала келіп, өздеріндегі соңғы жаңалықтарды айтқан. Бүгінде аумағы 7 мың шаршы метр жерді алып жатқан кәсіпорында бизнес-орталық пен бизнес-инкубатор ұйымдастырылған көрінеді. Соның нәтижесінде өндірілген өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндік молая түсіпті. Осыдан екі жыл бұрын қатарға қосылған ЭЛВ-4 деп аталатын электронды өндірістік жеделдеткіштің арқасында материалдар мен бұйымдарды өндіру сапасы дұрыс жолға қойылған. Ал радиациялық тазартқыш корпусы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді өңдеуге арналған. Рентгендік диагностика жүйесін жасау біздің елімізде енді ғана қолға алынып отырған көрінеді.
Дереккөздер