Айырық жотасы — Мұғалжар таулары жүйесіндегі ең биік жоталардың бірі.
Географиялық орны Айырық - Мұғалжар ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қайыңды ауылдық округінің аумағында орналасқан.
Геологиялық құрылымы Мұғалжар тауның негізгі орографиялық көтерілімдері меридиан бағытында солтүстік-шығысқа қарай аздап ауытқи созылған тізбешіктер түрінде қалыптасқан. Мұғалжар тау жүйесінің ең биік нүктесі - 635 метр биіктіктегі Айырық тауы.
Жер бедері Айырық тауы Мұғалжар өңірінің жер бедерін сипаттайтын маңызды табиғи нысандардың бірі болып табылады. Ол ауданның физикалық-географиялық ерекшеліктерін айқындайтын негізгі биіктік саналады. Айырық тауы шығыс бағытта биіктігі 551 метр болатын Күшікбай шоқыларымен жалғасады. Одан әрі Құндызды өзенінің арғы бетінде орналасқан Дәу-Тау (619 м), Майбұлақ (590 м), Байнисай (572 м), Кингус (556 м) және Ақтасты (546 м) тауларымен тұтас табиғи тау тізбегін құрайды.Ақтөбе облысы. Мұғалжар ауданы: энциклопедия. – Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2011. ISBN 978-601-061340-9
Атбасы – Қайыңды ауылдық округінің Мұғалжар тауының тау жотасы. Табиғаты әдемі, жер бетінен сәл көтеріңкі, бірнеше тау бөліктерінен тұрады.
Байбосын – Мұғалжар тауының жотасы. Сол уақытта атақты Байбосын деген бай малшы болған. Ол малын осы таудың баурайына жайыпты. Содан жергілікті халық Байбосын тауы деп атап кеткен.
Бөжімтау – Жұрын ауылдық округінде. Осы ауылдың тұрғыны Бөжімов Аққанбет Меккеге қажылыққа барып, дін жолын берік ұстанған адам болған. Оның әулеті осы тау баурайында мал баққан. Сол себепті тау «Бөжімтау» аталып кеткен.
Естемес – тау жотасы. Естемес тауы атауының шығуын жергілікті тұрғындар Қарақыпшақ Қобыландының тебіндегі жылқысын бағатын бас жылқышысы Естемес құлмен байланыстырады. Жас батыр Қобыланды осы биік шоқылы, жал-жал кезеңдері бар кең жазықта жылқы жайып жүріп, Атыраудың арғы бетіндегі Қызылбас қалмақ жерінен (Иран жағы) естілген у-шудың себебін Естемес құлдан сұрағанда, ол: «Қызылбастардың ханы қырық құлаш Қызыл ерді күресте жыққан батырға өзінің қызы Құртқаны тегін бергелі ұлы думан өткізіп жатыр», – деп жауап береді. Мұны естіген Қобыланды Қызылбас еліне барып, Қызыл ермен сайысып, жеңіп, Құртқаны алып қайтыпты-мыс. Осылайша Қобыланды батырдың өмірінде шешуші рөл атқарған тау жотасына Естемес атауы берілген-мыс.
Жарықтау – Мұғалжар ауданының солтүстік-батысындағы Жарық және Көлденең-Темір өзендері аралығындағы тау. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған суайрық жотаның ұзындығы 30 км, ені 10 км-дей, абсолюттік биіктігі 354 м. Жарықтаудың әктасты конгломераттан түзілген жыныстарын сұр түсті сазбалшық пен глауконитті құм жауып жатыр. Таудың беткейлері сай-жыралармен тілімделген, төбесі төрткіл тәрізді. Қара қоңыр топырақты. Бетеге, боз өседі.
Ипантау – Егіндібұлақ пен Қайыңды ауылдық округтерінің шекараларына жалғасып орналасқан тау жотасы. Ел арасында тараған аңыз бойынша Ипан деген кісінің артында ұрпақ болмаған көрінеді. Ауылдастары Ипанның аты өшпесін деп, тауды «Ипан тауы» деп атаған-мыс. Шортай – Жіңішке өзенінің жағалауы мен Қайыңды ауылының қақпасында орналасқан тау жотасы. Ертеде Шортай тауының маңайы елдің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, суы таза, мал шаруашылығына жайлы мекен болған. Халық бұл тауды киелі санап, Қайыңды ауылдық округінің орталығында көшеге атын берген.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан таулары