​II Мұхаммед Рахым хан (1845–1910) — 1864–1910 жылдары билік құрған, Хиуа хандығының өзбекВеселовский Н. И., Очерк историко-географических сведений о Хивинском ханстве. Спб, 1877, с.244 қоңыраттар әулетінен шыққан он бірінші билеушісі.

Өмірбаяны thumb|​80px|II Мұхаммед Рахым ханның жарлығы ​1864 жылы әкесі — Сейіт Мұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, билікке II Мұхаммед Рахым хан келді.

​Ол білімді билеуші болған, жас кезінде Хиуадағы Араб Мұхаммед хан медресесінде білім алған. Оның ұстаздарының бірі көрнекті өзбек ақыны әрі тарихшы Агехи болды.

​II Мұхаммед Рахым ханның билігі кезінде Ресеймен, Осман империясымен, Иранмен және Ауғанстанмен дипломатиялық қарым-қатынастар сақталды.

​II Мұхаммед Рахым хан Хорезмнің соңғы тәуелсіз ханы болды. 1873 жылы көрсетілген қарсылыққа қарамастан, хандық Ресей протекторатының қол астына өтті. Ол 1896 жылдан бастап генерал-лейтенант, 1904 жылдан бастап кавалерия генералы шенін иеленді. 1902 жылы император II Николай ханға «Мәртебелі» (Светлость) лауазымын берді.

Мәдениет саласындағы саясаты thumb|220px|II Мұхаммед Рахым хан медресесі ​Өзбек қоңыраттар әулетінің өкілдері арасында II Мұхаммед Рахым хан көрнекті тұлға болды. Сонымен қатар Хорезмде оның билігіне дейін де қалыптасқан мәдени дәстүрлер болған: шығармалар аударылып, қолжазбалар көшірілген және түрлі кітапханалар негізі қаланған еді.

II Мұхаммед Рахым хан ағартушы монарх, белгілі ақын және композитор болған. Ол сарай маңындағы ортаны мәдени жетістіктер арқылы жетілдіруге ұмтылды. Сарай мәдениетін дамыту, сондай-ақ өз ордасында барынша көп поэтикалық туындылар мен мәдени құндылықтар қалыптастыру — оның басты мақсаты болды. II Мұхаммед Рахым хан музыка да шығарған. Ол өз сарайындағы музыкалық кештердің өнер деңгейінің жоғары болуын қадағалады, дәл осы билеушінің тұсында Хорезмде алғаш рет музыканың ноталық жазбасы жасалды. II Мұхаммед Рахым хан сарайындағы кештерді музыкамен көркемдеу үрдісінің өңір тарихында өзіндік негізі мен мәдени дәстүрлері болған. Сонымен қатар, II Мұхаммед Рахым хан мәдениеттің кейбір салаларында жаңашылдықтарды ықыласпен қабылдап отырған.

​II Мұхаммед Рахым ханның сарайында ақындықпен бір мезетте әрі хат танушы (каллиграф), әрі аудармашы, әрі тарихшы болған ондаған зиялылар айналыса бастады; барлығы 30-дан астам ақын поэтикалық туындылар жазды. Хан оларға басшылық етіп қана қоймай, өзі де Фируз деген лақап атпен өлеңдер шығарды. Ол өз шығармашылығында көбіне Әлішер Науаиға еліктеді. Ханның айналасындағылардың барлығы ескі өзбек тілінде жазды және олар да Науаи шығармашылығынан үлгі алды. Сарай ақындарының дерлік әрқайсысы өз поэтикалық жинақтарын (диуан) құрастырды. Диуан жасау — ақынның шеберлікке жетіп, кемелденгенін білдіретін көрсеткіш еді. Бұл сарайдағы поэтикалық ортаны нығайту мен жақсартуға көңіл бөлген II Мұхаммед Рахым хан үшін маңызды фактор болды. Сарай ақыны Камил Хорезми II Мұхаммед Рахым ханның тұсында ақындарға лайықты көңіл бөлінгенін жазған.

Тарихшы әрі ақын Ағахи өзінің «Шахид әл-иқбал» (Бақыт куәгері) атты тарихи еңбегінде II Мұхаммед Рахым ханның билік еткен алғашқы жылдары туралы жазған. Оның айтуынша, II Мұхаммед Рахым хан уақытының көп бөлігін ғалымдармен сұхбаттасуға арнаған; мұндай жиындарда олар діни мәселелер бойынша пікірталас жүргізіп, тарихи және поэтикалық шығармаларды оқыған; ақындар билеушіні дәріптейтін өлеңдерін оқыған... Дәл осы кезеңде II Мұхаммед Рахым хан өлең жаза бастаған.

II Мұхаммед Рахым ханның бұйрығымен 1000 қолжазбаны көшіру жұмыстары басталып, Шығыстың 100-ден астам әйгілі тарихи және көркем шығармалары ескі өзбек тіліне аударылды. Ортағасырлық мәдени құндылықтар жалғасын тауып, одан әрі жетілдірілді. Оның тұсында «Маджма-йи шуара-йи Фируз-шахи», «Мухаммасат-и маджма-йи шуарайи Фируз-шахи» және «Хафт шуара-йи Фируз-шахи» атты сарай поэзиясының антологиялары құрастырылды.

1908 жылы Хиуа сарайында болған түркітанушы ғалым А.Н. Самойлович (1880–1938) хан туралы оң пікір білдірген: ​«Қазіргі билеуші Сейіт Мұхаммед Рахым II — Хиуа ғылымы мен өнерінің ағартушы қамқоршысы. Ол өз елін ғылыми тұрғыдан зерттеуге толықтай жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, маған өзінің жеке кітап қазыналарына жол ашты».

​II Мұхаммед Рахым хан негізгі үлгі-идеалдарының бірі ретінде соңғы Темір әулеті кезеңін — Гератта мәдениет ең жоғары деңгейге жеткен Хұсайын Байқараның билік еткен дәуірін (1469–1506) таңдады. Ол кезеңде сәулет өнері, қолданбалы өнер түрлері, каллиграфия мен кітап ісі қарыштап дамыған болатын. Теміршілердің (1370–1405) мәдени мұрасына деген қызығушылық сол дәуірдің мәдени үлгілеріне еліктеуден көрініс тапты. Мұндай ұмтылысты Темір дәуірінің тұлғаларына, мысалы, Хұсайын Байқара мен сарай ақыны Әлішер Науаиға (1441–1501) еліктеуден де байқауға болады. XX ғасырдың басындағы Хорезм сарайының поэзиясы Әлішер Науаи поэзиясының дәстүрлерін — орта ғасырлар дәуірінің, ескі өзбек әдебиетінің «алтын ғасырының» дәстүрлерін жалғастырды. Бұл деректі А.Н. Самойлович пен Хорезм ақындарының басшысы Ахмад Табиби атап өткен.

​II Мұхаммед Рахым хан, Мұсылман Шығысының кез келген басқа билеушісі сияқты, шариғаттың қолдаушысы болуға ұмтылды. Хорезм сарайының тарихшысы, ақын Мұхаммед Юсуф Баянидің айтуынша, оның тұсында Хиуа қаласында он бестен астам мешіт пен медресе салынған. Медреселердің бірі ханның өз қаражатына салынып, оның құрметіне II Мұхаммед Рахым хан медресесі деп аталды. Осы жылдары тарихшы Агехи Хорезм тарихын жазды. Хорезмнің әйгілі тұлғаларының қатарында композитор, каллиграф әрі кескіндемеші Камил Хорезми (1825–1899) болды.

​II Мұхаммед Рахым ханның билігі кезіндегі Хиуа хандарының мұрағаты 1873 жылы Санкт-Петербургке әкетілді, кейіннен оны сол жерде П.П. Иванов тапты.

1874 жылы II Мұхаммед Рахым ханның қолдауымен Хорезмде Атажан Абдалов Орта Азиядағы литографиялық кітаптарды басып шығаратын алғашқы баспахананы ұйымдастырды. Онда жарық көрген алғашқы кітаптардың қатарында Әлішер Науаидың «Хамсасы», ақын Мунистің «Диуаны» және басқа да еңбектер болды.

Қайтыс болуы ​1910 жылы II Мұхаммед Рахым хан қайтыс болды, мемлекеттегі билікке оның ұлы Асфандияр хан (1910–1918) келді.

Марапаттары Бриллианттармен безендірілген I дәрежелі Әулие Анна ордені (1883);Список генералам по старшинству. СПб, 1910. ​Ақ Бүркіт ордені (1891); ​Оның Императорлық Мәртебесі II Николайдың бриллиантты вензелі (1896); ​Әулие Александр Невский ордені (1900); ​Император II Николайдың бриллианттармен безендірілген портреті (1905); ​Әулие Александр Невский орденінің бриллиантты белгілері (1907); ​I дәрежелі Әулие Владимир ордені (1908).

Галерея

Әдебиет Гуломов Х.Г. Дипломатические отношения государств Средней Азии с Россией в XVIII — первой половине XIX века. — Таш., 2005. Гулямов Я.Г. История орошения Хорезма с древнейших времен до наших дней. — Таш., 1957 История Узбекистана. — Т. 3. — Таш., 1993. История Узбекистана в источниках. / Составитель Б.В. Лунин. — Таш., 1990. История Хорезма. / Под редакцией И.М. Муминова. — Таш., 1976.

Дереккөздер

Санат:XX ғасыр саясаткерлері Санат:I дәрежелі Әулие Анна орденінің иегерлері Санат:Хиуада таққа отырғандар Санат:Ақ қыран орденінің (Ресей империясы) иегерлері Санат:XIX ғасыр саясаткерлері Санат:XIX ғасыр билеушілері Санат:XX ғасыр билеушілері Санат:Хорезм билеушілері Санат:Қоңырат әулеті Санат:Өзбек ақындары Санат:Кавалерия генералы (Ресей империясы) Санат:Ресей империясының меценаттары