Ernie Bot (толық атауы — Enhanced Representation through Knowledge Integration) — Baidu компаниясының жасанды интеллектке негізделген чат-бот қызметі. Жобаның әзірленуі 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қызметтің негізінде «Ernie 3.0-Titan» атты үлкен тілдік модель жатыр.

Тарихы Чат-бот 2023 жылғы 17 наурызда жария етілді. Бастапқыда оның ашық түрде таныстырылуы жоспарланған, алайда іс-шара ақырында жабық форматта өтті. Қоғамға боттың алдын ала жазылған жауаптары көрсетілген бейнероликтер ғана ұсынылды.

2023 жылғы 25 маусымда Baidu чат-боттың базалық моделін 3.5-нұсқаға жаңартқанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, қызмет бета-тестілеу барысында жоғары нәтиже көрсетіп, «кешенді бағалау бойынша» ChatGPT 3.5-тен озық болған.

2023 жылғы қазанда Baidu World 2023 конференциясы барысында чат-боттың жаңа нұсқасы — Ernie 4.0 таныстырылды. Baidu бас директоры Робин Лидің айтуынша, бұл құрал «түсіну, генерациялау, пайымдау және есте сақтау көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған толық жаңартудан өтті».

Реакция Baidu компаниясының нейрожелінің тікелей көрсетілімін өткізуден бас тартуынан кейін компания акциялары 10 %-ға төмендеді. Алайда өнімнің қолжетімділігі кеңейген соң, оң пікірлер пайда бола бастады. Сервисті Citigroup және Bank of America мамандары сынақтан өткізді. Citigroup сарапшылары Ernie-дің жетілмеген тұстары болғанымен, ол күрделі және тіпті абсурд сұрақтарға жауап бере алғанын атап өтті. Bank of America аналитиктері де нейрожелінің бірқатар функцияларын сынап, чат-боттың жұмыс нәтижесіне қанағаттанған. Қарапайым пайдаланушылардың пікірінше, ChatGPT-мен салыстырғанда Ernie кейбір тапсырмаларды жақсы орындаса, кейбірінде әлсіздеу. Мысалы, ол қытай тілінен ағылшын тіліне аударуда жақсы нәтиже көрсеткенімен, ағылшын тілінен қытай тіліне аударуда төмен нәтиже көрсетті. Сондай-ақ ол бағдарламалық код жазуда америкалық баламасынан қалып қойды. Сервиске қатысты оң бағалардың көбеюінен кейін Baidu акциялары 14 %-дан астамға өсті.

Дереккөздер

Санат:Үлкен тілдік модельдер Санат:Виртуалды әңгімелесушілер