Күлғазира Нұранқызы Балтабаева (1954 жыл 6 қаңтар, Павлодар облысы, Таволжан ауылы) – кеңестік және қазақстандық тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы, қазақ диаспорасы және кеңес дәуірі тарихы бойынша маман.
Өмірбаяны Павлодар облысы, Лозовский (қазіргі Успен) ауданының Таволжан ауылында тұз кәсіпшілігінің бастығы Нұран Балтабаев пен Күлбарам Балтабаеваның (қыз кезіндегі тегі – Еркасова) отбасында дүниеге келген.
1971 жылы Ю. А. Гагарин атындағы Таволжан орта мектебін бітірген. Павлодар облысының дойбы чемпионы.
Білімі 1971 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқу барысында Қазақстандағы алғашқы медиевист, профессор Яков Давидович Серовайскийдің (1912–1997) жетекшілігімен Батыс Еуропаның ортағасырлық тарихына (медиевистика) маманданған. Оның жетекшілігімен жазылған «Сен-Жермен аббаттығы» атты баяндамасы жоғары бағаланған.
1985 жылы Новосибирск мемлекеттік университетінің (НМУ) аспирантурасына түсіп, 1989 жылы «Батыс Сібірдегі қазақтар мен татарлардың тарихы (1920–1932 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.
Жұмысында Ресей мен Қазақстанның тоғыз партиялық және тоғыз мемлекеттік мұрағатының 78 қоры мен 58 қорының материалдары, сондай-ақ орыс, қазақ және татар тілдеріндегі 82 газет пен журнал пайдаланылған.
Қызметі Еңбек жолын 1976–1977 жылдары Павлодар индустриалдық институтында оқытушы болып бастаған.
1980–1982 жылдары Павлодар монтаждау техникумында және 1982–1985 жылдары Новокузнецк педагогикалық институтында жұмыс істеген.
1989 жылы диссертациясын қорғағаннан кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында және 2003 жылдан бастап Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да сабақ берген.
Күлғазира Балтабаева қазақстандық диаспорологияның дамуына елеулі үлес қосты. Ол Қазақстан Тәуелсіздігі кезеңінде шетелде тұратын қазақтардың тарихына арналған алғашқы монографияның авторы. Оның негізгі еңбектері: «Батыс Сібірдегі қазақтар мен татарлар (1919–1932 жж.)» (1992). «Қазақ диаспорасы және репатриация (1991–2012)» (2015, 2016).
Диаспорология, демография, этникалық және көші-қон саясаты, сондай-ақ отандық ғылым мен білім тарихы бойынша 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Бірқатар ғылыми басылымдарды дайындауда сарапшы, рецензент және редактор ретінде қатысты.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті түлектер қауымдастығының атқарушы директоры қызметін 2008-2011 жылдары атқарған. 2016 жылғы 13 қаңтардан бастап қызметіне қайта оралды.
Ғылыми қызметі 2010 жылдан 2017 жылға дейін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Талдау орталығының директоры қызметін атқарды. Ол Дүниежүзі қазақтарының қауымдастықтың атынан Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын қоса алғанда, түрлі халықаралық және республикалық форумдар мен конференцияларға ұйымдастыруға қатысқан. 2021–2023 жылдары Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия аясындағы ғылыми-зерттеу топтарының мүшесі және жетекшісі болды, мәжбүрлі босқындар мен ұжымдастыру мәселелері бойынша маман. Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңын әзірлеуге қатысқан (2000). «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» жаңа көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі редакциялық-сараптамалық топтың мүшесі.
Еңбектері Ғылыми монографиялар: Батыс Сібірдегі қазақтар мен татарлар (1919–1932 жж.) (1992). Қазақ диаспорасы және репатриация (1991–2012) (2015). Орта Азия қазақтары: тарихы және тағдыры (2022). Ресей диаспорасының шығыс тармақтары. 6-том (2023).
Оқу құралдары: Ұлы Жібек жолы (2003). Қазақстан тарихы: оқу-әдістемелік кешен (2005).
Марапаттары «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалі (2015). «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі (2021). Әл-Фарабидің күміс медалі (2021). Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің медалі (2022). Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың Алғыс хаты (2023).
Дереккөздер