Қуат Мұхитұлы Тұмабаев (30 қазан 1980, Семей, Семей облысы, Қазақ КСР) — қазақстандық мемлекеттік және қоғам қайраткері.
Өмірбаяны Қуат Мұхитұлы 1980 жылы 30 қазанда Семей қаласында дүниеге келді.
Білімі 2001 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.
2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы Еңбек жолын 2001 жылы «Альянс Банк» АҚ несие бөлімінің маманы болып бастады.
2002-2003 жылдары «Қазполиграф» АҚ қаржы-экономикалық талдау бөлімінің маманы болып жұмыс істеді.
2003 жылдан бастап 2005 жылдың сәуіріне дейін — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттік қарыз алуды және несиелендіруді жоспарлау департаментінің бас маманы қызметін атқарды.
2005 жылдың сәуірінен қыркүйекке дейін — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттік қарыз алуды және несиелендіруді жоспарлау департаментінің басшысы болып істеді.
2005 жылдың қыркүйегінен 2008 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы лауазымында еңбек етті.
2008-2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары міндеттерін атқарды.
2011 жылдан 2012 жылдың сәуіріне дейін — Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлік даму комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
2012 жылдың сәуірінен 2015 жылдың наурызына дейін — Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің директоры қызметін атқарды.
2015 жылдың наурызынан 2016 жылдың қаңтарына дейін — Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі лауазымында еңбек етті.
2016 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың мамырына дейін — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. Экономикалық мәселелерге жетекшілік етті.
2017 жылдың 30 мамырынан 2018 жылдың 16 тамызына дейін — Өскемен қаласының әкімі болды. Өскемен қаласының ең жас әкімі атанды.
2019 жылдың қазанынан 2021 жылдың 11 мамырына дейін — Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Экспортты ынталандыру департаментінің директоры қызметін атқарды.
Риддердегі ЖКО 2018 жылы Тұмабаев Риддерде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына ұшырап, әкім қызметінен кеткен болатын. Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Әдеп жөніндегі кеңес Тұмабаевтың атқаратын қызметіне толық сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айыппұл салынған құқық бұзушы шенеунікке өз еркімен кетуді ұсынды.
Дереккөздер
Санат:Өскемен әкімдері