"Отырар" қонақ үйі – Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.

Орналасқан жері Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 75.

Сипаты Қонақ үй 1981 жылы ірге көтерді. Сәулетшілері – С.В. Коханович, М.Р. Қабылбаев. Негізінен шетел туристерін қабылдауға арналған, 5 қабатты мейманхананың 186 қонақ бөлмесі (363 орын), кинозалы (70 орынды), базарлық дүкені, бильярд бөлмесі, хауызды моншасы бар. Ғимараттың солтүстік жағынан жалғастыра салған киіз үй іспетті 3 қабатты құрылыста қоғамдық тамақтандыру орындары – ресторан (156 орынды), 2 банкет залы (20 және 50 орынды), 2 ұлттық тағамдар кафесі (әрқайсысы 50 орынды) орналасқан. Ғимарат 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтың сәулеттік ансамблі құрамына енеді. Композициялық құрылымына негізгі шаршы және қосымша шеңбер көлемдік бөліктер алынған. Кіреберістегі портал арка ұлттық сәулет өнеріне тән үлгіде жасалған. Осы жебе үлгі ғимарат қабырғасын әсемдеудегі бедер-жосықтан да айқын аңғарылады. Ғимарат интерьерін нақыштау ісінде қазақтың ою-өрнек үлгілері кеңінен қолданылды. Көркем керамика, ақ мәрмәр, қызғылт ұлутас, қошқыл гранит қонақ үй кескінін ажарландыра түскен.Алматы. Энциклопедиялық анықтама. Бас редакторы М.Қ. Қозыбаев. Алматы қ. 1983 ж.

Дереккөздер

Санат:Алматы қонақ үйлері Санат:Алматы сәулеті Санат:Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері