Витторио Де Сика (; 7 шілде, 1901, Сора, Лацио, Италия — 13 қараша, 1974, Нейи-сюр-Сен, Франция) — итальяндық кинорежиссёр және актер. Итальяндық неореализмнің негізгі тұлғаларының бірі.

Кино тарихындағы ең ықпалды режиссерлердің бірі саналатын оның төрт туындысы «Оскар» сыйлығын иеленді: «Шуша» және «Велосипед ұрылары» (құрметті марапаттар), ал «Кеше, бүгін, ертең» бен «Финци-Контини бағы» фильмдері «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында жеңіске жетті. Негізінде, «Шуша» (Кинематографиялық Өнер және Ғылым Академиясы мойындаған алғашқы шетелдік фильм) мен «Велосипед ұрыларының» зор жетістігі «Шет тіліндегі үздік фильм» атты тұрақты марапаттың қалыптасуына негіз болды.

Бұл екі туынды классикалық кино канонының ажырамас бөлігі болып саналады. «Велосипед ұрылары» 1952 жылы Sight & Sound журналының сауалнамасы бойынша «барлық уақыттың ең ұлы фильмі» деп танылды, сондай-ақ Turner Classic Movies нұсқасы бойынша кино тарихындағы ең ықпалды 15 фильмнің қатарына енді.

Сонымен қатар, Де Сика режиссер Чарльз Видордың 1957 жылы Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» романы бойынша түсірілген экранизациясында майор Ринальдидің рөлін сомдағаны үшін «Үздік көмекші актер» номинациясында «Оскарға» ұсынылды. Сыншылар тарапынан сәтсіз деп танылып, прокатта өзін ақтамаған бұл фильмде Де Сиканың актерлік шеберлігі туындының ең жарқын тұсы ретінде бағаланды.

Дереккөздер

Санат:Алтын глобус сыйлығының иегерлері Санат:BAFTA марапаты иегерлері Санат:Алтын пальма бұтағы сыйлығының иегерлері (режиссёрлер) Санат:Үздік шет тіліндегі фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (режиссёрлер) Санат:Давид ди Донателло сыйлығының иегерлері