Абылай хан алаңы – Ақмола облысындағы Бурабай ұлттық саябағының шекарасында, Көкше тауының бөктерінде орналасқан алаң. Абылай хан алаңы қазақ жерінің киелі жерлерінің бірі, әрі тарихи ескерткіш болып саналадыhttps://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1400000846. Одан 120 м қашықтықта Абылай хан стеласы – туристтердің жиі келетін орындарының бірі, әрі алаңның бастауы орналасады. Стела бұл аймаққа 1991 жылы, ханның 280 жылдығына орай қойылған. Алаңда гранит тастан жасалған Абылай ханның тағы бар. Оны басқаша «Хан тағы» деп те атайды. Сонымен қатар, аймақта ханның құрметіне «Абылай хан ордасы» деп аталатын архитектуралық кешен ашылды. Кешенде арнайы экспозиция залы да бар.
Орнатылған кезеңі, авторлары Ескерткіш 2004 жылы 8 шілдеде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысуымен ашылған. Авторлары Е. Айтуаров, А. Курицын, И. Баграмов.
Тарихы Тарихи мәліметтер бойынша үш жүзді біріктірген Абылай хан Бурабай өңірінде өз ордасын құрған. Қазіргі таңда сол аумақтың «Абылай хан алаңы» деп аталатын себебі де осы. Алаңда орналасқан табиғи ескерткіш – гранит тасынан қашалған тақтың орнында хан ұлтқа, халыққа байланысты маңызды шешімдер қабылдаған болатын. Хан тағында бүкіл алаңға көрініс ашылып, барлық дыбыстар естіледі. Сол себепті де, Абылай хан бұл жерді таңдаған деген пікірлер бар. Оған қоса, бұл өңірде, тау маңайында арнайы киіз үй тігіп, Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі «Көкшетау» поэмасын жазған екен.
Табиғаты Абылай хан алаңы деп аталып кеткен жер Бурабайдың әйгілі Көкше тауының етегінде орналасады. Алаң мен хан тағы орман ағаштарымен қоршалған. Айналасында Бурабайдың биік таулары мен қалың ормандарына көрініс ашылады. Аймақтың тағы бір ерекшелігі – оның ерекше климаты. Мәліметтер бойынша, алаң аймағындағы ауа температурасы айналадағы басқа жерлермен салыстырғанда біраз жоғарырақ болып келеді. Оған қоса, бұл аймаққа түсетін күн сәулелері адам ағзасының жасаруына үлесін тигізеді деген пікірлер бар. Жақын аймақтарда Абылай ханның заманынан сақталған басқа да бірқатар табиғи нысандар орын алады. Олардың ішінде «Ханның қызыл ағашы», «Төре қызыл ағашы», «Ханкөл», «Оразбұлақ», «Текекөл», «Жайнақкөл» және басқа да жерлер бар.
Туризм Бурабай ауданының өзі туристтердің жиі келетін орындалының бірі болып саналады. Ондағы Абылай хан алаңы болса, туристтердің бағдарындағы маңызды аялдама ретінде саналады. Алаңға келетін адамдар оның әсем табиғатын тамашалап, сол аймақта жұмыс жасайтын гидтердің көмегімен Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғаның өмірбаянымен, орда құрған жерімен, алаңның тарихымен танысады. Туристтер тек экскурсиямен шектелмей, сондай-ақ, күн сәулелері арқылы ағзаларына пайда тигізеді.
Бүгінде "Абылай хан алаңы" сәулет-тарихи кешен құрамына енеді. Жоба авторлары - Е. Айтуаров, А. Курицын, И. Баграмов. Кешеннің кеңістіктік шешімі биіктігі 35 м болатын ақ металлдан жасалған, қырлары найзаның оқтары секілді обелиск айналасында жасалған.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9
Әдебиет Жақыпов, М. (2018). Абылай хан алаңы (Бурабай ауданы). Ақкөл Өмірі. http://akkol-omiri.webpress.kz/kz/news/analitics/%D0%90%D0%B1%D1%8B%D0%BB%D0%B0%D0%B9%20%D1%85%D0%B0%D0%BD%20%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D2%A3%D1%8B%20%28%D0%91%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%B1%D0%B0%D0%B9%20%D0%B0%D1%83%D0%B4%D0%B0%D0%BD%D1%8B%29 Құрмансейіт, А. (2019). Абылай хан алаңы. Ortalyq Qazaqstan. https://ortalyq.kz/abylaj-han-ala-y/ Абылай хан алаңы және хан тағы. Kazakhstan.travel. https://kazakhstan.travel/tourist-spot/kk/2/the-glade-and-the-throne-of-ablai-khan Озеро и поляна Абылай Хана. Borovoe.kz. https://borovoe.kz/about/ozero-i-polyana-abylay-khana/
Дереккөздер
Санат:Бурабай ауданы Санат:Ақмола облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Ақмола облысы