Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті — Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ () — Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласында орналасқан жоғары оқу орны.
ХҚТУ құрылуы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстанның озық көп салалы университеттерінің бірі. Ахмет Ясауи университеті жыл сайын университеттердің ұлттық рейтингісінде ондықтың қатарынан (2018 ж. 6-шы орын) көрініп жүрген, заманауи білім және ғылым саясатын жүзеге асыратын, тұрақты кәсіби және тұлғалық дамуды басшылыққа алатын инновациялық университет. Университет классикалық профильдегі университеттердің арасында ең алғашқысы, мұнда тұңғыш рет сонау 1992 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық мамандар даярлығы ашылған болатын.
Университет құрамында медициналық факультеті бар халықаралық «full university» жоғары оқу орындарының категориясына кіреді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантура сияқты көп деңгейлі бағдарламалар жүйесі негізінде жоғары базалық білім беруді қамтамасыз етеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қабылдау мемлекеттік білім беру гранттары, келісімшарт (ақылы) және Түркия квотасы негізінде 105 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауды жүзеге асырады.
Университет құрамында 10 факультет, Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңес қызмет көрсетуде. Университетте 10 мыңға жуық студент, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар білім алуда.
Тарихы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу және қалыптасу тарихы түркі өркениетінде ерекше орын алған Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихымен байланысты. Көне қаланың айрықша геосаяси орналасуы мен оның түркі халықтарының мойындалған рухани орталығы ретіндегі маңызын ескере отырып университетті заманауи жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар құрудың негізгі мақсаты түркі халықтарының ғылыми және мәдени көне орталығы, түркі әлемінің заманауи рухани астанасы – Түркістан қаласын жандандыру және дамыту болып табылады.
Университет Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке бастамасымен 1991 жылы 6 маусымда ашылған болатын (1991 жылғы 06 маусымдағы 329 жарлық, Алматы).
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың және Түркия Республикасының премьер-министрі Сүлейман Демирелдің ресми кездесуі кезінде 1992 жылдың 1 мамырында «халықаралық университетті» құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.
1992 жылы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім Қазақстан және Түркия Парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енді.
Университеттің Қазақстан үшін бірыңғай корпоративті басқару жүйесі бар. Қазақстан және Түркия үкіметтері бекіткен Жарғыға сәйкес Үкіметаралық Өкілетті Кеңес (Анкара) Жоғары басқару органы болып табылады, ол университеттің жалпы басшылығын паритеттік бастамада қамтамасыз етеді және он кеңес мүшесінен тұрады, оның ішінде бес мүшесін Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған бес мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындайды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында, олар университетке бірнеше рет ресми сапармен келіп, түркі тілдес мемлекеттердің студент жастары арасынан қазіргі заманға сай мамандарға интернационалды тәрбие беру және сапалы даярлау орталығы ретінде оған әрдайым айрықша көңіл бөлді.
Ахмет Ясауи университеті — түркі әлеміндегі бірегей университет, ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор.
2018 жылдан бастап ХҚТУ түркі тілдес мемлекет университеттер Кеңесінің төрағасы болып табылады, оған Түркияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Әзербайжанның 19 университеті кіреді.
Университет миссиясы – түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардан келген жастар үшін сапалы білім ұсыну, инновациялық білім мен ғылыми зерттеулер саласында көшбасшы болу.
Мақсаты – инновациялық ғылыми және білім беру технологияларын белсенді ендіретін, қарқынды түрде дамушы университет құру.
Басты құндылықтар: Рухани жаңғыру. Достық, теңдік және толеранттылық, Ашықтық, Өнегелілік, Кәсіпқойлық, Инновациялылық.
Университет 2007 жылдың мамырында Болон декларациясына қосылу туралы Меморандумға қол қойды және 2010 жылғы қыркүйекте Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды.
Егер 1991 жылы бірінші іріктеу нәтижесінде университетке 332 студент қабылданса, онда қазіргі студенттер контингенті 10 мыңға жуық студентті, интерндерді, магистранттар мен докторанттарды құрайды, оның ішінде 1,5 мыңға жуық студент (контингенттен 15%) алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінен келген.
Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ үшін алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінің студент жастарын оқытуға 200 арнаулы мемлекеттік білім беру грантын бөледі.
Университетке ең дарынды және талантты жастарды тарту мақсатында Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен (Анкара) Түркия бюджетінен жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай алған, бірақ мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсынан өтпеген қазақстандық талапкерлер үшін 500 білім беру гранты бөлінеді.
Білім беру қызметі бакалавриаттың 54, магистратураның 30, PhD докторантураның 11, резидентураның 3, интернатураның 7 мамандықтары бойынша жаратылыстану, гуманитарлық, экономикалық, заң, әлеуметтік, медициналық, техникалық ғылымдар, білім беру, бизнес, қызмет көрсету және өнер бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
2018-2019 оқу жылы университетте 71 доктор, 282 ғылым кандидаты, 67 РhD доктор жұмыс істейді. Оның ішінде 5 % - Түркия мен басқа мемлекеттерден келген шетелдік оқытушылар.
Оқу қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Оқу үдерісі Университетте үш деңгейлі оқыту жүйесі: Болон үдерісі талаптарына сәйкес бакалавриат-магистратура-докторантура (резидентура) ендірілген.
2018-2019 оқу жылы
алдыңғы қатардағы ЖОО-ның озық әлемдік тәжірибесіне бағдарланған білім беру бағдарламалары, сондай-ақ «Зауыт-Университет» және «Major and Minor» үлгісі бойынша тәжірибеге бағдарланған заманауи оқыту қағидалары түрлендірілді және үйлестірілді; шетел профессорлары мен мамандар арқылы еуропалық тәжірибемен және әдістермен алмасу, оларды оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды трансляциялау мақсатында университетке шақыру тұрақты негізде жүзеге асырылады; бакалавриат деңгейінде техникалық мамандықтар мен экономика үшін «Кентау трансформатор зауытымен» дуалды оқыту жүйесі бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді; педагогикалық мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларына орта мектептің инновациялары (Назарбаев интеллектуалды мектеп тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұн, критерийлік бағалау, сыни ойлау және т.б.) ендірілуде; ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев университетінің жобалық тәсілі мен тәжірибесі негізінде Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі құрылды; студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейтілген; 3+1, Эразмус + білім беру бағдарламаларын, қос диплом бағдарламаларын, шетелде білім алушылардың тәжірибесін батыстық ЖОО-на бағыттар бойынша ендіру; университетті басқару жүйесіне Болашақ, Мевлана, Эразмус т.с.с. бағдарламалар аясында шетелдік оқу орындарында менеджмент саласында кәсіби біліктілікті жетілдіру арқылы әлемдік тәжірибе енгізілді; Түркияда магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша арнаулы оқу арқылы дәрежелі оқытушылардың үлесі артты; Инновациялық инфрақұрылымды дамыту элементтері (технологияларды коммерциализациялау оффисі, технопарк, стартаптар т.б.) құрылуда; тренингтік Кәсіби даму орталығы құрылды (университеттің ОПҚ мен қызметкерлер үшін), мұнда оқытушылардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігі арттырылады, озық университеттердің (Назарбаев Унтиверситет, Мармара, Гази университеттері т.б.) тәжірибесін трансляциялау арқылы олардың кәсіби дағдылары жетілдіріледі; жаңа Түркістан облысының экономика және әлеуметтік сала қажеттіліктеріне сәйкес агрономия, ветеринарлық медицина, құрылыс, сәулет, жобалық менеджмент сияқты жаңа перспективті мамандықтарды ашу бойынша жұмыс жүргізілуде; «Атамакен» ҰКП Түркістан филиалымен, жұмыс берушілермен оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде; Университетте зертхана, интернет-кластар, спутниктік бейнеконференция жүйесі (онлайн режимінде озық шетел ғалымдарының лекциялары), жаңа бағыттағы компьютерлер, оқу кабинеттері бар, онда оқу үдерісін қарқындатуға және ғылыми зерттеулер өткізуге мүмкіндік беретін зертханалық жабдықтар, макеттер бар; Назарбаев Университеті тәжірибесі негізінде Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен дайындық факультетінде «Foundation» бағдарламасы ашылды, оның мақсаты тыңдаушыларды ағылшын және түрік тілдеріне көп деңгейлі тереңдетіп оқыту. Аталмыш бағдарламаға республикалық конкурс қорытындысы бойынша Түркия грантын алған Қазақстан азаматтары және Қазақстан Үкіметінің грантына түскен шетелдіктер қабылданады. «Foundation» бағдарламасы бойынша оқуын сәтті аяқтағандар өздерінің таңдаған бакалавриат мамандығының 1 курсына қабылданып, одан кейін арнайы көптілді топтарда оқиды; жыл сайын Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы (іріктеу онлайн режимінде, қорытынды сынақ және бағалау тікелей университетте) өткізіледі. Олимпиада жеңімпаздарына университетте тегін білім беру сертификаты табысталады.
Факультеттер/мектептер
Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі Жаратылыстану факультеті Инженерия факультеті Әлеуметтік ғылымдар факультеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Филология факультеті Өнер факультеті Медицина факультеті Стоматология факультеті Университеттен кейінгі медициналық білім беру факультеті Дайындық факультеті («Foundation») .
Институттар
«Түркология» ғылыми-зерттеу институты «Археология» ғылыми-зерттеу институты «Ясауи» ғылыми-зерттеу институты «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты «Жаратылыстану» ғылыми-зерттеу институты «Экология» ғылыми-зерттеу институты
Университетке қарасты
Студенттер кәсіподағы Ғылыми кітапхана Ясауи колледжі ХҚТУ тарих мұражайы Түркі халықтарының тарихи панорамалық мұражайы «Ясауи» мұражайы ХҚТУ КТК командасы «Би султан» би ансамблі Халық аспаптары фольклорлық ансамблі Студенттік драма театры Түркі жастарының мюзикл театры Университет студенттерінің вокалды-аспап ансамблі Ақпараттық орталық ХҚТУ Хабарлары «Ясауи» газеті Қызметкерлер кәсіподағы Түлектер ассоциациясы Жұмыс берушілер кеңесі «Тұран» баспасы ХҚТУ дебаттық клубы ХҚТУ интеллектуалды клубы Студенттер дискуссиялық клубы 50- ге жуық өзге де студенттер бірлестігі, клубтар мен ұйымдар «Ясауи» интернет-радио
Медициналық клиникалар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – медицина факультеті студенттерінің теориялық білімі мен іс-тәжірибесін үйлестіретін 120 науқас орынға арналған Клинико-диагностикалық орталық пен Стоматологиялық поликлиникасы бар Қазақстандағы жалғыз университет.
Клинико-диагностикалық орталық (Клиника) университеттің медицина факультетінің әлеуеті өте зор тәжірибе базасына ие, стандарттарға толық жауап беретін, заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталған озық денсаулық сақтау мекемесі ретінде құрылған.