ШЕКІЛДЕК (Acanthis flammea) - шағын денелі (12-15 г) құс. Биологиялық сипаттама Шекілдектің денесі шоңайнақтан сәл ғана кішірек және құйрығы әжептәуір қысқа: маңдайында қызыл теңбілі болады, тамағы - қара. Жемсауы мен төсінде қызыл түс болмайды, дегенмен егде аталықтардың жемсауында және екі бүйірінен таңқурай түстес қызғылт реңк байқалады. Қылығы шыбжықтарды еске түсіретін қауқарлы және ширақ құстар. Шекілдектер қыста тұқымдарын қорек ететін қайыңдар немесе арамшөптер қалың өскен жерлерде көбінесе үйірлерімен жүреді. Біз шекілдектердің қаптай шабуыл жасауына тура келген шырша тұқымдары жақсы түсім берген жылдары Іле Алатауының солтүстік беткейлерінде шекілдектер және шыбжықтардың үйірлері шырша тұқымдарымен қалай қоректенгенін бақыладық. Шекілдектер үйірінен едәуір қатты дауыспен «шек-шек» деген үнмен жиі-жиі дауыстасты, сірә, құс атауы осыған негізделген болуы керек. Таралуы Еуразия және Солтүстік Америка тундрасы мен тайганың солтүстігінде қоныстанады. Қазақстанда, қыстың қатқылдығына байланысты бірде оңтүстік, бірде солтүстік өңірлерде ғана қыстайды. Олар Қазақстанның оңтүстігінде қарашадан наурызға дейін кездеседі.

Дереккөздер

Санат:Торғайтәрізділер Санат:Еуразия құстары