Интегриметр (латынша integer – тұтас және... метр) – график түрінде берілген функцияны есептеуге арналған аналогты механикалық прибор. Интегриметрдің бірнеше түрі бар. Соның бірі полярлы Интегриметр өзара топсамен байланысқан полярлы және айнымалы рычагтан құрылған. Полярлы рычаг топса төңірегінде айналады. Интегралдауыш ролик санауыш механизммен бірге рычагты бойлай қозғала алатын болып бекітіледі. Бұл Интегриметр график түрінде берілген физикалық шамаларды және аудан есептеу үшін пайдаланылады. Есептеу кезінде санауыш механизмнің өлшеу бірлігі белгіленеді де ине сызықтың бойымен жүргізіледі. Санауыш механизм көрсеткен шама бойынша есептеу жұмысы орындалады. Бұл прибордың дәлдігі 0,1% шамасы.

Дереккөздер

Қазақ совет энцеклопедиясы