Шымшық () – торғайтәрізділер отрядының құнақ тұқымдасына жатады.
Қазақстанда Көкшетау қыратында тараған, кейде Қарқаралы, Кент аймақтарында кездесіп қалады. Шыршалы және аралас ормандарды мекендеп, су айдындарына жақын жүреді, қайыңды, қандыағашты тоғайларда қоректенеді. Қанатының ұзындығы 70 мм, салмағы 13 г-дай. Аталығы жасыл сарғыш түсті, оның төбесінде бір шоқ қауырсын – “тақиясы” (айдары) болады; қанат, құйрық қауырсындары қара, оларға жол-жол болып сары қауырсындар араласқан, бауыры ақ. Аналығы мен балапандарының арқасы жасыл сұрғылт тартқан, бауыры ақшыл. Отырықшы құс. Ұясын ағаш басына салады. Мамыр айында 5–6 көгілдір не жасылдау жұмыртқа салып, аналығы 12–14 күн басады. Балапандарын да аналығы 13–15 күндей асырайды. Жылына екі рет балапан өргізеді. Өсімдік тұқымымен және жәндіктермен қоректенеді, олардың зияндыларын жеп пайда келтіреді. Шымшықтар жақсы сайрайды.
Дереккөздер
Санат:Торғайтәрізділер Санат:Құнақ тұқымдасы Санат:Қауіптен тыс түрлер Санат:1758 жылы зерттелген жануарлар Санат:Еуразия құстары