Қажы Талиға кесенесі – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XIX ғасырдың екінші жартысындағы сәулет өнері ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған.
Орналасқан жері Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын үй алабының аумағында орналасқан.
Тарихи деректер, аңыздар Сайрамның киелі тарихы Қажы Талиға кесенесі (атауы бұрмаланып бекіп кеткен) Қызыр пайғамбар мешіті және Бибигияс ана кесенесімен бірге қаланың тумасы және оның қамқоршысы есептелетін, аты аңызға айналған Қызыр пайғамбардың Сайрамда болғандығы туралы материалдық дәлелдемелер болып табылады. Жергілікті аңыздарға бойынша оның әкесі Қожа Салих болған (фонетикалық нұсқалары Салық-Қожа, Қожа-Талиға, Қажа-и Тали ата). Жергілікті наным-сенімдерге сәйкес Қызыр пайғамбар Сайрамға әр жұманың ымырт жамылған кезінде келіп, әкесі Қожа Салих пен шешесі Бибигияс ананың қабіріне құран бағыштаған. Осы деректердің арқасында ескерткіш Сайрамның інжілдік-құрандық агионимдерімен бір қатарға қойылады. Сайрамда айтылып жүрген және "Насаб-намеде" көрсетілген шежіре бойынша Қожа Салих (Шалык/Шалух) Нұхтың (інжілде Ноя) ұлы Самның ұлы болып табылады. Інжілде Салих туралы айтылмайды, бірақ Құранда ол атам замандағы пайғамбарлармен бір қатарда есімі тоғыз рет кездеседі. Құдайдың діни өсиеті жіберілген Салих Арабияның солтүстігінде мекендеген құрандағы халық самудиттердің пайғамбары болған. Дегенмен самудиттер оны қабыл алмаған. "Сонда елі оны жасынға шығарды. Сондықтан жер қатты сілкініп, жұрттарында типыл болды" (Құран, 29 сүре 37 аят). Алайда Құдай рақымымен Салих жер сілкінісінен аман қалған болатын. Осы сюжетте Құдай жазасына ұшыраған көне өсиеттегі Содома мен Гоморра қалаларына тұспалдаушылық көрінеді. Осылайша, Құранға қатынасы бар аңызға айналған дәстүрлер Қажы Талиға кесенесінің пайда болуына байланысты культтің тамыры өте ертеде екенін дәлелдейді.
Зерттелуі 1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981-1983 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің "Қазақ жобалау-қалпына келтіру" институтының экспедициясы архитектуралық ескерткіштерді төлқұжаттандыру барысында зерттейді. Кесене Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер жинағына енгізілген. 1990 жылдары ғимараттың сақталған бөліктерінде ішінара реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. 2004 жылы М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы кесененің қорғау аймағына, шығыс фасадынан екі метр ара қашықтықтан қазба жұмыстарын жүргізеді, алынған материалдар аңыздар бойынша қарахандар кезеңінде пайда болған ескерткіштің уақытына негізсіз жатқызылмағандығы туралы айтуға мүмкіндік береді. 1980 жылдары екінші жартысы – 2000 жылдары ескерткіш арнаулы жариялымдарда Сайрамның мемориалдық құрылыстарының генезисі мен композициялық ерекшеліктеріне байланысты қарастырылады (Б.Ә. Байтанаев, Ю.А. Елгин).
Кесене құрылысы және сипаты Кесене XVI-XVII ғасырларда тұрғызылған деп есептелсе, ал қазіргі ғимараты XIX ғасырдың екінші жартысында салынған. Кейінгі аталған мерзімі біршама шындыққа жанасады, себебі Сайрамның культтік құрылыстарын Қоқан ханының өкілдері жаңартқандығы туралы мәліметтер бар. Қабырға қаландысына саз балшық ерітіндісін пайдалану арқылы ортаазиялық үлгідегі әртүрлі пішін мен уақыттағы кірпіштер (34х16х5 см, 35х17х15 см) қолданылған; аркалары мен күмбезі ғаныш ерітіндісін пайдалану арқылы төртбұрышты кірпіштен (23х23х4 см) қаланған.
Інжілдік-құрандық дәстүрге қатынасы бар Қажы Талиға кесенесінің киелі мазмұны құрылыстың әдеттегідей емес құрылымына жанама әсер етуі мүмкін. Бастапқыда кесене екі қабатты күмбезбен жабылған – ішкісі, көлбеулеу, ал сыртқысы, үстіне шағын мұнара орнатылған сфераконусты. 1928 жылы ғимараттың ақырғы бөліктері салынады.
Жоспары бойынша кесене төртбұрышқа жақын (6,4х6,2 м). Төртбұрышты бөлмесінің көлемі 3,37х3,39 м. Алғашқы екі қабатты күмбезінен сақталған аласа көтерілген сфералы кескіндегі күмбезін 2000 жылдары жасалған оғаш көрінетін қабат жауып тұр. Архаизмдік үлгідегі аркалық желкендер төртбұрышты бөлмеден күмбезге өту қызметін атқарады. Оңтүстік-шығыс бұрышында шатырына қарай көтерілетін айналма баспалдақ орналасқан. Кірер жеріне жақын "солтүстік-оңтүстік" өсі бойымен бағытталған қарапайым құлпытас орнатылған.
Ескерткіш орталықтанған бір камералы кесене типіне жатады. Оның көлемдік-кеңістіктік композициясы төрт жағы ашық төрт аркалы чортакқа орнатылғандығында. Қажы Талиға кесенесінің сүйір келген аркалары бар төрт бірдей фасады әлемнің төрт тарабы бойынша бағытталған. Батыс фасадына тікбұрышты есік жасалынған. Қалған аркаларында ағаш торымен (панжарамен) жабылған биіктігі кіреберіспен тең келетін, төмен орнатылған терезелері бар. Батыс және оңтүстік фасадындағы аркалар ешқандай өрнегі жоқ қалған екеуіне қарағанда "П" тәрізді жақтаумен және архитектуралық жетілдірумен орындалған. Сондықтан оларды "порталдар" деп атауы мүмкін, бірақ негізгі көлемінен не биіктігі, не ені бойынша шықпағандықтан, архитектуралық болып табылмайды. Олардың бүгінгі таңда толық жойылып кеткен өрнектеріне басты көңіл аударылған. Оның негізін ғаныш бойынша пішіндік оймыштау техникасында орындалған халықтық өрнегі бар құмыра тәрізді базалар үстіндегі кедір-бұдырлы дөңгеленген бағаналар құрайды. 1960 жылдары "шай табақ" түріндегі жұпынылау келген әшекейлердің ізін көруге болады. Фасадтарының жоғарғы жағынан кірпіштер қырынан қатар қойылған түрдегі дандана кеткен (бұзылған). Батыс және оңтүстік фасадының бөлінісінен тамыры қарахандық және саманидтік кезеңге кететін сопылық идеология мен тәжірибеге байланысты белгілі үрдістер байқалады. Қазіргі уақытта кесене тарихи және иконографиялық мәліметтерді есепке алмай "реставрацияланған". Нәтижесінде, ол Сайрамның басқа да кесенелеріне қарағанда өзінің "тұпнұсқалығынан" айырылған.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Шымкент қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Шымкент қаласы сәулеті