Абыралы таулары – Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау.

Этимологиясы Таудың атауы жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан қос батырдың есімдерін біріктіру арқылы аталған. Бірнеше күнге созылған шайқастан қажыған екі жақ жекпе-жек арқылы ұрыстың нәтижесін шешуді ұйғарды. Қазақтардан Әлі есімді батыр шықса, қалмақтардан Әбір есімді батыр оған қарсы тұрды. Жекпе-жекте қазақтың батыры Әлі қаза табады. Оны Әбір сұр жебемен атып өлтіреді. Өзегін намыс өртеген батырдың қарындасы Гауһар ерттеулі тұрған атқа міне салып, қалмақ батырын соңынан қуып жетіп, басын қылышпен шауып түсірген. Батырларынан айырылған екі жақ әскерлерін кері бұрып, шайқасты кейінге қалдырып қайтады. Екі батырдың сүйегін биік таудың баурайына жерлейді. Сөйтіп, сол таудың аты қос батырдың атымен Әбірәлі, кейінірек «Абыралы» болып аталып кетеді.

Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы мен Абай облысы Абай ауданы аумағында орналасқан.

Жер бедері Солтүстіктен оңтүстікке қарай қосарлана созылып жатыр. Батысындағы Жақсы (Үлкен) Абыралы тауларының ұзындығы 20 км, ені 10 км, биіктігі 1300 м. Шығысындағы Жаман (Кіші) Абыралы тауларының ұзындығы 20 км, ені 6 км, биіктігі 1111 м. Екі тауды Қарасу өзенінің аңғары бөлген.

Геологиялық құрылымы Абыралы таулары негізінен девон мен силур жыныстарынан тұрады.

Климаты Климаты тым континенттік. Қаңтар айындағы орташа температура -15°С, шілдеде 19°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 350 мм. Суға тапшы.

Өсімдігі Беткейлерінің қиыршық тасты қоңыр топырағында қараған, тобылғы, сұлыбас, қызғылт селеу, қылқан боз, бетеге, жусан т.б. өсімдіктер өседі. Беткейлері мал жайылымы ретінде пайдаланылады.Қазақ ұлттық энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Сарыарқа Санат:Абай ауданы (Абай облысы) таулары Санат:Қарқаралы ауданы таулары