Бауыраяқтылар немесе ұлулар () – 90000-нан астам түрі бар, көпшілігі теңіздерде, сондай-ақ тұщы сулар мен құрлықта және паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар. Кейбіреуі тоғандарда, құрлықта тіршілік етеді. Жұмсақ денесін бақалшақ қаптаған, тұлғасы бүкіл бауыр жағын қамтитын жәндіктер бауыраяқтылар немесе ұлулар класына жатады. Аяқ бөлігі бақалшақтың астыңғы бөлігін қамтып, дененің сол бөлігімен жүретін болғандықтан, бұлар бауыраяқтылар деп аталады.
Бауыраяқтылардың дене тұрқы Бауыраяқтылардың дене тұрқы 2—3 мм-ден бірнеше сантиметрге дейін барады. Ең ipici Hemifusus proboscidiferus, оның ұзындығы бақалшағымен қоса 60 см. Сол сияқты теңіз қояны Aplysia-ның ұзындығы — 25 см, Африкада мекендейтін құрлық үлулары Achatina да ірі ұлулар қатарына жатады.
Бауыраяқтылардың денесі үш бөлімге бөлінген: бас, аяқ, тұлға. Басы тұлға бөлімінен айқын бөлініп тұрады. Тіл пішінді жақсы жетілген аяғында кең жорғалағыш табаны болады. Тұлғасы дененің жоғарғы жағына қарай қап тәрізді өсіндіні түзеді, бұны ішкі қапшық деп те атайды. Барлық бауыраяқтыларға тән ерекшелік, ол құрылысының асимметриялы болуы.
Бұлардың бақалшағы жақсы дамыған, кейбір кезде редукцияға ұшырауы да мүмкін. Бауыраяқты моллюскалардың асимметриясы келесі белгілерімен сипатталады: оң жақ мантия комплексінің мүшелері жойылып сол жағы мүшелерінің күшті дамуы; ішкі қапшықтың немесе тұлғаның спираль тәрізді оралуы,бұл ерекшеліктері бақалшақтың спираль тәрізді оралуына байланысты.
Құрылысы мен физиологиясы Бауыраяқтылардың дене пішіні алуан түрлі, көпшілігінің денесі ұзынша және арқа жағы томпайып шығыңқы болып келеді. Жақсы жетілген басының бауыр жағында аузы, арқа жағында 1-2 жұп қармалауышы мен жұп көздері орналасқан. Екі жұп қармалауыштың бірінші жұбы сипап сезу қызметін атқарады, ал артқы қармалауыштың үстінде көзі орналасады. Басының алдыңғы бөлігі анда-санда ұзын тұмсықша ретінде созылып тұрады.
Аяғы бұлшықетті және жорғалаушы табаны бар, ол дененің бауыр бөлімінің өсіндісі. Сондықтан да бұл ұлуларды бауыраяқтылар деп атайды. Аяғының жиырылуының нәтижесінде жануар субстрат бетінде баяу қозғалып жүреді. Әр алуан тіршілік етуіне байланысты аяғы да алуан түрлі модификацияға ұшыраған. Ең күшті өзгеріске ұшыраған жүзіп тіршілік ететін Gastropoda класының кейбір өкілдерінің аяқтары. Мысалы, қырлыаяқ-тылардың (Prosobranchia кл. тармағы) аяғы бүйірлерінен қабысып жіңішке вертикальді жүзгіш қанатқа айналған, кейде бүйір жиектерінде екі жағына есетін табанының кішкене рудименті болады. Аяқтың артқы бөлігі ұзын құйрық тәрізді тұтқаға созылады. Ал, қанатаяқтылардың (Opisthobranchia кл. тармағы) аяғының бүйірлік бөлігі күшті өсіп кетеді де, қанат тәрізді қалақша түзеді. Тұлғасы немесе ішкі қапшығы, төменгі сатыдағы бауыраяқтыларда симметриялы және жалаңашжелбезектілердікі,өкпелілердікі сияқты аяқтан айқын бөлінбеген. Ал, Gastropoda класының көпшілік түрлерінде керісінше, тұлғасы аяғының үстінде спиральді оралған қапшық түрінде бөлінген. Тұлғаның төменгі жерінде жабын қатпары немесе мантия қатпары, ал оның астында мантия комплексінің мүшелері бар мантия қуысы түзіледі. Қатпар да, мантия қуысы да тұлғаның алдыңғы және оң жағында дамыған. Мантия бақалшақты бөліп шығарады, көбінесе спиральді оралған бақалшақты түзейді. Бақалшақтың төбе жағы тұйық біткен — ол оның төбесі деп аталады, ал оған қарама-қарсы екінші ұшында тесігі (устье) орналасқан. Тесігі арқылы жануардың басы мен аяғы сыртқа шығып тұрады. Тек сирек жағдайда ғана бақалшақтарының бұрамдары бір жазыктықта жатады.Бақалшақтың спираль бұрамдары конус тәрізді (турбо-спиральді). Бұрамдарының диаметрі жануарлардың өсуіне сәйкес төбесінен қарама-қарсы тесігіне дейін үлкейеді. Әрбір жаңа түзілген ірілеу бұрамдары бұрынғыларды орап көрсетпей басады. Бұндай бақалшақтар инволютты деп аталады. Көбінесе соңғы орамдар алғашқысына жақын тұратындықтан олардың барлығы көрініп тұрады. Бауыраяқтылардың арасында бақалшақтың спиральді оралуының бағыты бойынша бақалшағы екі типті болады: үстінен қарағанда спираль, сағат тілінің бағытымен бұралса, онда мұндай бақалшақты оңға бұралған немесе дексиотропты деп атайды. Бұндай бақалшақ көпшілігінде бар. Егер, бақалшақ солға қарай бұралса, онда оны солға қарай бұралған немесе лейотропты бақалшақ деп атайды. Осьтің айналасында спираль тәрізді бұрамдары болса оны тығыз бағана немесе колонка деп атайды. Ал, бұрандалары ішкі қабырғалары арқылы бір-біріне жанаспаса, онда колонканың орнына кішкене қуыстар немесе кіндік түзіледі. Спиральді бақалшақтың кендігі сонша, ұлулар қауіпті жағдайда барлық денесін соған жинап алады. Алдыңғыжелбезектілер класс тармағының өкілдерінде аяғының артқы бөлігінің арқа жағында мүйізді немесе ізбесті қақпақшасы дамыған. Ол, моллюсканың денесі бақалшақтың ішіне кіргеннен кейін, бақалшақтың тесігін жауып тастайды.
Бауыраяқтылардың кейбір түрлерінің бақалшағы біршама қарапайым құрылысты және қалпақ тәрізді болып келеді, себебі олардың дернәсілдерінің дамуында алдымен бұралған бақалшағы пайда болады да, кейінірек ол қалпақ пішінге көшеді.
Бауыраяқтылардың бақалшағы сыртқы жұқа органикалық қабаттан (periostracum) тұрады, оның астында бақалшақ бетіне перпендикуляр орналасқан, әкті тақталардан түзілген фарфор тәрізді қабат (ostracum) жатады. Кейбір бауыраяқтыларда, мысалы Haliotis, Turbo-да жылтыр перламутр қабаты бар. Бауыраяқтылардың барлық класс тармақтарында бақалшақтың редукциясы байқалады. Редукция мынадай кезеңдер арқылы жүреді: бақалшағы жақсы жетілген, бірақ жануардың денесі жиырылғанда бақалшаққа толығымен симайды; бақалшақ одан әрі кішірейе береді де екі мантиялы қатпарлармен көмкеріледі; мантия қатпарлары бір-бірімен бақалшақтың үстінде ортаңғы сызық бойымен бірігіп кетеді, соның нәтижесінде сыртқы бақалшақ ішкі нәзік жұқа тақтаға айналады; ішкі тақталы бақалшақ жойылып, оның орнын терідегі шашылып жатқан ұсақ ізбесті денешіктер басады. Мысалы, шырыш — Arion-да, жалаңаш-желбезіктілер —Nudibranchia-да, ал бақалшақтың барлық ізі Pterotrachea ұлуларында мүлдем жойылған. Бақалшақтың жойылуы көбінесе жүзіп өмір сүретін, құрлықта және паразит бауыр-аяқтыларда байқалады, өйткені жүзу және жорғалау үшін бақалшақ кедергі жасайды, яғни олардың қажеті жоқ.
Ac қорыту жүйесі Аузы басының алдыңғы ұшының төменгі жағында орналасқан, кейбір түрлерінде аузы ұзарып тұмсық түзеді. Ал, жыртқыш түрлерінде басының алдыңғы ұшы одан да бетер ұзарып, жиырылатын және қорегін ұстауда атыла алатын бұлшықетті тұмсықшаға айналған.
Аузы, бұлшықетті жұтқыншаққа апаратын ауыз қуысына жалғасады. Жұтқыншақта жұқа кутикуламен жабылған әрі қатты тісшелері бар бұлшықетті тілі орналасқан. Сондай-ақ, кутикуланың қалыңдауынан түзілген жағы (mandibulae) ауыз қуысында да бар. Олар мүйізді, ал кейбір кезде ізбесті де болады. Жақтарының саны мен орналасуы әр түрлі болып келеді. Жұтқыншаққа бір жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады. Кейбір алдыңғы-желбезектілердің осындай бездерінің секреттерінде 4% күкірт қышқылы бар. Осы қышқыл арқылы жыртқыш ұлуы басқа моллюскалардың бақалшақтарын, тікентерілілердің сауытын ерітіп, ішіндегі мүшелерімен қоректенеді. Жұтқыншағы ұзын өңешке жалғасқан, кейбір түрлерінде өңеш кеңейіп жемсау түзейді. Осы суреттелгендердің барлығы эктодермальді алдыңғы ішекке жатады.Энтодермальді ортаңғы ішектің бас жағы қапшық тәрізді қарынға айналған, оған "бауыр" тармақтары ашылады. Бауыр ішектің өсіндісі болып саналады, ал ересек түрлерінде асимметриясына байланысты бір жартысы дамымаған сыңар мүше ретінде болады. Бауыраяқтылардың бауыры көптеген бөліктерден тұрады, олардың тармақтары бірге жалғасады да қарынға ашылады. Бауырдың секреттерінің қызметі алуан түрлі — көмірсуды ыдыратады, қоректік заттарды сіңіреді және өзіне май мен гликогенді жинайды.
Көбінесе, төменгі сатыдағы бауыраяқтылардың қарындағы қоректік заттары іріктеліп, бауырдың тармақтары арқылы бауыр бөліктеріне өтеді де, дәл осы жерде қоректік заттарды клеткалар қоршап, клетка ішілік ас қорыту яғни фагоцитоз процесі жүреді.
Кейбір бауыраяқтылардың қарынында хрустальді бағаналар бар, олар амилаза мен целлюлоза ферменттерімен байланысқан белоктардан тұрады. Бағаналардың ұшы қарындағы сілтілі ортада біртіндеп еріп, қоректі қорытатын ферменттерді шығарады.
Жалаңашжелбезектілердің бауыр өзгерісінің өзі бір ерекше құбылыс. Көпшілігінің бауырлары ішектің үстіне қарай бағытталған безді түтікшелердің жүйесін береді, олардың тармақтары арқаны жауып тұратын бұтақшаның немесе екінші реттік желбезектердің ішіне кіріп тұрады, тіпті сыртқы ортамен де қатыса алады. Бауырдың бұл түтікшелерінің эпителиясында оның сыртқы ортамен қатысатын жерінде, арқа желбезектерінің ұшында көптеген атқыш капсулалары болады (мысалы, Aeolididae тұқымдасында). Атқыш капсулаларды организмнің өзіне тән мүшесі деп санаған, бірақ қазіргі арнайы эксперименттер арқылы олар моллюска денесіне қорек арқылы түсетіні дәлелденді, Aeolididae тұқымдасының өкілдері гидроидты полиптермен қоректенеді, полиптің атқыш капсулаларын моллюска қорытпайды, ал ол моллюсканың бауыр өсіндісіне түседі де полиптің денесіндегі қызметіндегідей жұмысын жалғастырады.
Қарын ары қарай жұқа ортаңғы ішекке жалғасады, ол бір немесе екі ілмек жасайды да алға қарай бағытталып артқы ішекке қосылады. Артқы ішегі тұлғаның алдыңғы ұшында немесе басының үстінде, сондай-ақ, дененің оң жағында орналасқан қылаулатқышпен аяқталады. Кейбір төменгі сатыдағы бауыраяқтылардың артқы ішегі жүрек қарыншасын жарып өтеді.
Зәр шығару жүйесі Бауыраяқты моллюскалардың бір жұп бүйрегінен көп жағдайда тек сол жақ бүйрегі жақсы дамып сақталады. Екі бүйрегі алдыңғы желбезектілер класс тармағының төменгі сатыдағы түрлерінде бар, бірақ оның біреуі екіншісіне қарағанда нашар дамыған. Бүйрек, ол түрі өзгерген целомодукт, оның бір ұшы кірпікшелі воронка түрінде перикардия немесе целом қуысымен жалғасады да соңғы ұшымен мантия қуысына ашылады.
Тыныс алу жүйесі Бауыраяқтылардың көпшілігі желбезекпен тыныс алады. Алғашқы немесе нағыз желбезектер — ктенидиялар жұп мүше ретінде мантия қуысында орналасады. Құрылысы бүйіржүйкелілердікі сияқты. Көптеген түрлерінде ол бос ұшына қарай сүйірленген созыңқы қос қауырсынды өсінді түрінде болады. Әрбір ктенидия екі қатар күлтелі осьтік жалпайған бағанадан тұрады. Сонымен қатар, ктенидияда ерекше сезім мүшесі — осфрадиялары бар. Алғашқысында ктенидиялар бір жұп болады, бірақ бауыраяқтылар денесінің оң жағы дамымай қалуына байланысты оң жақ ктенидия семіп, жансызданып қалады. Мысалы, кейбір алдыңғыжелбезектілерде ол сол жақтағыдан әлде қайда кіші болады (Haliobis). Жоғарғы сатыдағы бауыраяқ-тылардың желбезегі біреу болып дамиды, себебі қос қауырсынды желбезектің бір жағы мантия қабырғасына жабысып кетеді де бір қауырсындыға айналады. Gastropoda класының әрбір класс тармағындағы өкілдерінің желбезектері жойылып, екінші реттік тыныс алу мүшелерімен ауыстырылған. Бұл жағдайда суда тіршілік ететін бауыраяқтылардың денесінің әр түрлі жерлерінде алуан түрлі өсінділер өсуі мүмкін, олар физиологиясы жағынан ктенидияға ұқсас. Осы түзіндінің барлығы екінші реттік немесе адаптивті желбезектер деп аталады.
Құрлықта тіршілік ететін бауыраяқтыларда (Pulmonata класс тармағы) ктенидия жойылған, ал тыныс алуы өкпе арқылы өтеді. Бұл жағдайда мантия қатпарының бір бөлігі жұқарып сыртқа қарай өз алдына қуыспен ашылады, осы қуыс өкпе қуысы деп аталады, оның қабырғасында көптеген қан тамырлары жетілген. Кейбір өкпелі моллюскалардың сулы тіршілік ортасына оралуына қарамастан тыныс алу мүшесі өкпе қуысы ретінде сақталады. Мұндай түрлер (кіші, үлкен тоспа ұлуы, катушкалар) су бетіне әлсін-әлсін көтеріліп ауамен тыныстайды.
Қан айналу жүйесі