Шолақтау фосфорит кен орны – Жамбыл облысы Қаратау қаласынан оңтүстікке 4 км, Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 90 км жерде орналасқан.

Геологиялық құрылымы Мұндағы фосфорит кені 5 км-ге созылып, тік немесе аударылып жатыр. Фосфорит кені төменгі кембрийдің шолақтау свитасында орналасқан.

Жатыс сипаты Фосфоритті қат-қабат төменнен жоғары қарай төрт шоғырға жіктеледі: кремнийлі шоғыр, құрамында 7-8 м фосфат-карбонат қабатшалары бар Р2О5-тің мөлшері 2,5-6% болып келетін күңгірт сұр, қара түсті шомбал немесе жұқа тақталанған қабат; төменгі фосфоритті шоғыр, құрамында Р2О5 22-23%, орташа қалыңдығы 2,85 м, күңгірт сұр түсті шомбал немесе қалың тақталанған қабат; фосфат-кремнийлі шоғыр, Р2О5 14%, орташа қалыңдығы 3,4 м, ашық сұр немесе сарғыш түсті, сарғыш түсті, тығыз майда түйірлі фосфатталған шақпақтас пен кремнийлі фосфориттен тұрады; басты фосфорит шоғыры, Р2О5-тің мөлшері 28,6%, қалыңдығы 4-20 м, фосфоритті конгломерат пен жоғары сапалы фосфориттен түзілген. Бұл шоғырдың түсі сұр және күңгірт сұр шомбал, кейде қалың тақталы тау жыныстарынан тұрады. Кеннің қоры А+В+С1 категориялары бойынша 38 млн. т.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:Жамбыл облысы кен орындары