Муюн, мужунҚазақстан энциклопедиясы, VI-том (б.з. 337 – 410) – Қытайдың солтүстігінде сяньби тайпалары құрған мемлекеттік бірлестік. Көсемдері Мохуба бастаған мужундар Оңтүстік Манчжурия даласынан Пекин маңындағы Ляоси округіне 3 ғ-да қоныс аударды. 290 ж. билікке Мохубаның мұрагері Мужун Гуй келді. Ол мемлекетті әлеуметтік-экономикалық реформалармен нығайта отырып, 307 ж. өзін сяньбилердің “ұлы шаньюйі” деп жариялады. 337 ж. оның ұлы Мужун Хуан Янь-ван (“Янь иелігінің билеушісі”) деген атпен таққа отырды. Оның тұсында мемлекеттің құрамына солтүстік провинциялар: Ляонин, Хэбэй, Шаньдун, Хэнань және Шанси кірді. 370 ж. Мужун Хуанның ұлы Мужун Чуй билікке келді. 398 ж. Мужун Чуй сяньбилердің Солтүстік Вэй мемлекеттік құрылымынан жеңіліс тапты. Дегенмен оның кіші інісі Мужун Дэ Цинь мемлекеттілікті уақытша қалпына келтірді. Муюн мемлекеттік құрылысы далалық дәстүрлерге құрылған ұлыстық-тайпалық одақтың көшпелі кезеңінен қытай дәстүріндегі орталықтанған мемлекетке өту сатысында болды. Сяньбилердің құрамына жалпы саны 100 мың шаңырақтан асатын прототүркі тілдес сюнну тайпаларының қосылуы оларға елеулі ықпал етті. Бұл әсіресе сяньбилердің сюннулардың құрметті атақтары мен лауазымдарын қабылдауынан көрінді. Сяньби әулеттерінің барлық билеушілері сюннулардың шаньюй (“құрметті”, немесе “сыйлы үй”) құрметті атағын алды. Моңғол тілдес сяньби тайпалары (олардың ішінде мужундар да) өз мемлекеттілігінің бүкіл тарихында түркі тілдес сюнну тайпаларымен тікелей қарым-қатынаста болды.

Дереккөздер

Қазақ энциклопедиясы Гумилев Л.Н., Хунну в Китае, М., 1974 Материалы по истории кочевых народов в Китае ІІІ – V вв. Вып. З.-М., 1992

Санат:Тарих