Арасан емдеу-сауықтыру кешені – Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.

Орналасқан жері Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 75.

Құрылыс мерзімі және авторлары Салынуы – 1980-1982 жылдар. Авторлар ұжымы: сәулетшілер – В.Т. Хван, М.К. Оспанов; конструкторлар – В.В. Чечелев, К.Р. Төлебаев.

Сипаты Емдеу-күтіну кешенінде моншаның бірнеше түрі, емдеу ванналары, спорттық жүзу бассейні мен душ павильондары, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, буфет, 75 орындық кафе, жедел кір жуу орны бар. Мұнда келушілер денсаулығына және өз қалауына байланысты моншаның кез келген түріне: шығыс, орыс, біріктірілген түрі, фин моншасына бара алады. Балалы аналарға арналған "ана мен бала" бөлімі бар. Кешенге емдік ваннаның бірнеше түрі: қылқан жапырақты ағаш шайыры, оттегі қосылған және ауамен шымырлап қайнайтын ақ маржан ванналар, сондай-ақ, емдік душтар, су массаждары қосылған. Оңтүстіктің табиғат жағдайына орай аптап күндері суға түсіп, салқындап шығу үшін мұнда кең душ павильоны орнатылған. Кешенде демалатын кең қалтарыстар, тынығу бөлмелері, шаштараздар, косметика кабинеттері, кафе, мәжіліс залы, ішкі бақ-терраса бар. Әрлеу ісі әр моншаның өзіндік ерекшелігіне, онда жуыну, тынығу дәстүрлеріне, ыстықтық-дымқылдық межесінің деңгейін сақтай білуге, мұндағы қызмет көрсету түрлеріне сай жүргізілген. Моншаның барлық түрінде дәстүрлі қызметке қосымша әр адамның өзінің талап етуі бойынша жасалатын: фотарий, медициналық массаж, маникюр, педикюр сияқты қызмет түрлері ескерілген.

Сәулеті Монша салу тарихында кездесе бермейтін шығыс, орыс және фин моншаларын бір кешенде біріктіріп, шығыс сәулет өнері үлгісінде жобаланған. Жобаның негізі етіліп Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанындағы ортағасырлық моншаның үлгісі, сонымен бірге монша салудың “мельниковтік”, Москвадағы “сандуновтық” тәсілдері пайдаланылған. Көлемі 100 мың кв2, 5 қабатты, 12 павильон мен 6 күмбез 4 монолиттік таған-тіреуге орнатылған. Еденіне 40 см металл плита төселген, астынан ортағасырлық “қандар”, яғни қан тамырлары сияқты таратылған түтіктер арқылы жылу беріліп тұрады. Күніне 2,5-3 мың адамға қызмет етеді. Ғимарат қаңқа қабырғалы, кірпішпен толтырылған, күмбезі құрастырмалы темір-бетоннан жасалған. Қасбеті ұлутас, жергілікті мәрмәр және үштөбенің гранитімен қапталған. Ішкі әрлеу жұмысына ақ бор, мәрмәр және қыш тақталар қолданылған. Кешеннің сыйымдылығы – 400 орын. Қ 18 Қазақстан архитектурасы – Архитектура Казахстана. – Алматы, «Өнер», 2013. т. 9. – 192 б. – қазақша, орысша. ISBN 978-601-209-212-7

Дереккөздер

Санат:Алматы ғимараттары мен құрылыстары Санат:Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Алматы сәулеті