Жезқазған кен-металлургия комбинаты - түсті металлургия кәсіпорны. КСРО Еңбек және Қорғаныс кеңесінің 1925 жылғы 10 маусымдағы қарарымен Атбасар түсті металдар тресі құрамындағы Қарсақбай комбинатына қаратылған Жезқазған кен-металлургия комбинатының құрылысы 1936 жылы басталып, 1940 жылға дейін мардымды жүрмеген. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің шешімі бойынша комбинат құрылысын қайта салу және оның 1-кезегін 1940 жылы пайдалануға беру белгіленді. 1943 жылы КСРО Түсті металлургия министрлігінің Жезқазған мыс комбинаты құрылды. Оның құрамында 17 шахта мен 3 ашық жұмыс алаңы, Қарсақбай зауыты мен Байқоңыр көмір ошағы болды. 1954 жылы Жезқазған қаласында Жезқазған мыс байыту №1 фабрикасы салынды, 1962 жылы №2 фабрикамен толықтырылып техника және шаруашылық кешенін құрды. 1958 жылы КСРО Түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен Жезқазған кен-металлургия комбинаты болып өзгерді. Оған өндіріс ауданындағы барлық түсті металлургия кәсіпорындары кірді. Дайын өнім шығару мақсатында 1966 жылы Жезқазғанда мыс балқыту зауытының құрылысы басталды. 1971 жылы оның 1-кезегі - электролит өндіретін цех қолданылуға беріліп, 1977 жылы зауыт кешені толығымен салынып бітті. 1995 жылы маусым айында ҚР Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғамның басқару құқығы Оңтүстік Кореяның «Самсунг Дойчланд ГМБХ» фирмасына берілді (1977 жылдан «Қазақмыс» корпорациясы). 1995 жылы басында ай сайын орта есеппен 10 мың тоннаға жуық мыс өндірілсе, бір жылдан кейін оның деңгейі 15-18 мың тоннаға дейін көтерілді. 1964 жылы комбинат академик Қаныш Сәтбаев есімімен аталады. Бірақ сол атау ұлы ғалым еңбегіне жолсыз жүрген қастандық салдарынан осы ұжым ғылыми-өндірістік бірлестік аталған кезде түсіп қалғаны да кешегі әміршіл кезеңнің ащы шындығы ғой. 1966 жылы комбинат Ленин орденімен марапатталды.Қаныш Сатпаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. — Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. ISBN 9965-893-74-8

Дереккөздер

Санат:Геология Санат:География Санат:Жезқазған Санат:Қазақмыс